Алматы облысына іссапармен Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр ҮАААЖ жобасымен және осы жолға байланыстырушы 6 радиалды жолдың жобасымен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Алматы облыстық автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Амангелді Аппақовтың айтуынша, Абай, Саин, Рысқұлов, Ақын-Сара, Солтүстік жарты айналма жолдарын ұзарту және кеңейту Алматыдағы кептелісті азайту мақсатында жасалып жатыр. Бұл жолдар кеңейтіліп келіп, ары қарай ҮАААЖ-ның үстінен өтетін көпірге жалғасады. Бұдан бөлек, радиалды жолдың 5-де көбелек іспетті айналма жол болады. Оның техникалық-экономикалық негіздемесін Алматы облысының әкімдігі дайындаған. Аталған жол арқылы жүргізушілер ҮАААЖ-ға түсуге мүмкіндік алады және сол қиылысқан тұста төлемақы терминалдары орнатылады, - делінген хабарламада.
Биылғы жылдың ақпан айында Қарасай ауданы Ақын-Сара көшесі бойынша жобалық-сметалық құжаттың оң сараптамасы алынған. Құрылыс-монтаждау жұмысына бюджеттік өтінім ендігі жылға беріледі. Көшенің ұзындығы 5,5 шақырым.
Қазіргі таңда Қарасай ауданының Абай көшесі арқылы ҮАААЖ-дан және Ақсай өзенінен өтетін жолдың 70 пайызының құрылысы мен жер жұмыстарының 40 пайызы аяқталған. 3,39 шақырымға созылған көше Райымбек ауылы арқылы өтпек.
Осы ауданның 4,5 шақырымға жалғасқан Рысқұлов көшесі бойынша да дәл осындай пайыздағы жұмыстар өз межесіне жеткен. Бұл көше Кемертоған ауылын басып өтеді. Ал Жармұхамбет, КазЦИК ауылдарынан өтетін Саин көшесіндегі құрылыс жұмыстары 30 пайыз орындалған. Көшенің ұзындығы 6 шақырымнан астам.
7,9 шақырымдық Тілендиев көшесі бойынша суқұбырларын жүргізу жұмыстары жасалып жатыр. Бұл көше Іле ауданындағы Жәпек батыр арқылы өтпек. Ал Іле ауданындағы Солтүстік жарты айналма көшесінің ұзындығы 8,1 шақырым болмақ. Қазіргі таңда 60 пайыз құрылыс жұмысы аяқталған. Аталған көше Қоянқұс 2 елдімекеніне өтеді.
Барлық радиалды жолдың жоба құны 60 млрд теңгеден астам. Сондай-ақ кездесу барысында ҮАААЖ арқылы өтудің тарифі тағы да талқыланып, оны төмендету мәселесі қарастырылды.