Өскеменнің жылы аялдамаларында телефон қуаттап алуға болады

29 Қаңтар 2019, 10:12
2742
Бөлісу:
Өскеменнің жылы аялдамаларында телефон қуаттап алуға болады

Астана, BAQ.KZ. Облыс орталығы Өскемен қаласында былтырдан бері орнатылып жатқан жылы аялдамаларда енді жылынып қана қоймай, қалтадағы ұялы телефонды қуаттап та алуға болады. Бұл туралы altaynews.kz сайты хабарлайды.

Бұл жаңа өзгерісті қала тұрғындары алдымен Халифа Алтай атындағы Орталық мешіттің алдында жақында ғана салынып біткен жылы аялдамадан байқады. Бұдан бастап бүгінгідей қаңтардың бет шыдатпас шыңылтыр аязында өскемендіктер мен қала қонақтары жылынып қана қоймай, қалта телефондарын қажетінше қуаттай алады. Сонымен бірге, жылы аялдама ішінде автобус тосатын орындық, қауіпсіздікті қадағалайтын бейнекамера және қаладағы жылы аялдамалар да орнатылған мөлтек аудандардың картасына да ілінген. Атап өтерлігі, түнгі уақытта қаңғыбастар кіріп алмас үшін жылы аялдамалардың есігі автоматты түрде жабылады.

«Енді қыста автобус тосушыларға Астана қаласындағы секілді жылы аялдамаларда ыстық шай мен кофе, тәтті тоқаштар ұсынылса, тіптен жа0сы болар еді», – дейді қала тұрғыны, зейнеткер Нұрсадық Ахметбеков.

Айта кету керек, аялдамалардың қай жерде салынатындығын халық өзі таңдайды. Әлеуметтік желідегі парақшаларда тұрғындар арасында сауалнама жүргізілген. Мешіт маңайындағы аялдама ең көп дауыс жинаған. Сонымен бірге, № 44 мектеп жанындағы және Жаңа Ахмердегі соңғы аялдама ауыстырылмақ. Барлығы 11 жылы аялдама орнатылатын болады.

Өз кезегінде қала тұрғындары, әсіресе жастар қала басшылығының тұрғындарға қамқорлықпен жасаған жылы бекеттерін сындырмай, бүлдірмей, былғамай күтіп ұстаса, жылы аялдамалардың күндізгі уақытта қаңғыбастардың панасына айналып кетпеуін полицейлер қадағалап отырса деген тілек бар.

Өзгелердің жаңалығы