Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ақпараттық желі арқылы қылмыс жасайтын алаяқтарды құрықтауға байланысты арнайы топ құрған өскемендік полицейлер аталмыш қылмыс түрінің ашылуын 2 есеге арттырған.
Соңғы жылдары желі арқылы қылмыс жасайтындардың саны артып, заңсыз әрекеттердің құрбаны болатын жандар еселеп өскені белгілі. Жалпы, аталмыш қылмыс түрі адамдардың түрлі гджеттер мен ғаламтор желісіне деген қолжетімділігі артқан соңғы он жыл көлемінде пайда болғаны рас. Бүгінде желі арқылы жасалатын қылмыс түрі құрбандарының еселеп артқанын айтқан тәртіп сақшыларының ескерпелеріне қарамастан, алдап-арбауға түсетін азаматтардың саны азаяр емес. Әсіресе егде жастағы адамдарды тұзаққа тез түсіретін алаяқтар соңғы уақытта қоғамның әлеуметтік жағынан осал топтарына қырғиша төнуде. Осы себепті біздің бүгінгі әңгімеміз аталмыш қылмыс жайында болмақ? Оның қандай және қанша түрі болады? Мұндай қылмысқа қандай адамдар барады? Осындай қылмысты ұйымдастырудағы әдістер қандай? Осы және басқа да сұрақтарға Өскемен қалалық Полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Ғалымбек Тұрысбеков жауап берді.
Интернет алаяқтықтың бірнеше түрі бар
Жауапты тұлғаның айтуынша, соңғы уақытта интернет арқылы жасалатын алаяқтық көрсеткіші өскен.
Жалпы, алаяқтық Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 190-бабымен қарастырылған. Соңғы уақытта ғаламтор арқылы жасалатын қылмыстың еселеп артқаны белгілі. Қазіргі уақытта Қылмыстық Кодекстің аталмыш бабының 2-тармағы 4-тармақшасына бірқатар өзгерістер енгізіліп, ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолы арқылы алаяқтық жасау деген сөздер пайда болды. Бұл дегеніміз, қазіргі уақытта күдікті адамдар түрлі сайттарды немесе ұялы телефондағы қосымшаларды пайдалану арқылы қылмыс жасайтындығы айтылған. Атап айтсақ, түрлі сайттар тұтынушыға дүкенде қымбат бағаға сатылып жатқан тауарды арзанға ұсынып тұрады. Адамдарды бірінші кезекте тауардың сапасынан гөрі бағасы қызықтыратыны белгілі. Олар арзан бағаға алданып, қораптың ішінде не жатқанын білмей қалады. Осылайша сапасыз тауар алып, кейбір жағдайларда ол тауарды мүлдем ала алмай да жататын азаматтар қатарының көбейіп жататыны осыдан, - дейді Ғалымбек Қанатұлы.
Өзін кәсіби маман ретінде таныстыруы мүмкін
Сонымен қатар, түрлі жарнамалық сайттарға белгілі бір тауарды сатып алуға немесе өзінде бар тауарды сату жөнінде хабарлама беретін азаматтар да осындай алаяқтықтың құрбанына айналуы мүмкін көрінеді. Мұндай кезде сайтта қалдырылған телефон нөмірі арқылы қылмыскерлер жарнама берушіге оп-оңай шығады.
Мұндай адамдардың тілдерінің өте майда болатыны соншалық, әп-сәтте өзінің құрбанын әдемі сөздермен баурап әкетеді. Белгілі бір саладағы білімділігін паш ететін ол өзін кәсіби маман ретінде көрсетеді. Құрбанымен телефон арқылы ақылдасып, кейбір кезде кеңес беру арқылы психологиялық әсер қалдыратыны сондай, азаматтар оған қатты сеніп қалады. Міне сол кезде ол сіз сататын тауарға белгілі бір мөлшерде жеңілдік жасатып немесе өзінің тауарын сатып алуға көндіреді. Келесі сәтте ол банк картасының шотын, кейбіреулері картаның екі жағын фотосуретке түсіріп жіберуді сұрайды. Барлық деректерді қолына түсірген соң қылмыскер ұялы телефон арқылы қосымшаға кіріп, тіркелген соң, сізден телефоныңызға келген төрт немесе алты белгілі нөмірді айтып жіберуді өтінеді. Бүгінде көпшілігіміз сауда-саттықты, коммуналдық төлемдерді, несие қарызын карта арқылы төлейтініміз, депозитті картада сақтайтынымыз белгілі. Сол себепті банк картасында белгілі бір мөлшерде қаражат болатыны рас. Міне алаяқтар адамдардың сенімін пайдаланып, банк картасындағы бар ақшаны шешіп алады, - дейді Ғалымбек Тұрысбеков.
1-ден 4 минутқа дейінгі аралықта жасалатын осындай алаяқтық бір қаланың, бір облыстың, бір елдің ішінде ғана емес, сондай-ақ халықаралық дәрежеде де істелетінін алға тартқан сұхбаттасушымыз шетелде отырып-ақ қазақстандық телефон нөмірін пайдалануға болатынын айтты. Яғни қылмыскер көрші елде отырып, арнайы құрылғылармен қайта адрестеу арқылы қазақстандық телефон нөміріне шалынған қоңырауды өз еліндегі телефон нөміріне бағыттай алатын көрінеді.
Досыңмын деп сендіреді
Соңғы уақытта белең ала бастаған тағы бір интернет алаяқтықтың түрі – азаматтардың желілердегі байланыс жәшіктерін бұзу. Мұндай байланыс жәшіктерінің қатарына майл.ру, вконтакте, фейсбук, инстаграмм және тағы басқа әлеуметтік желілердегі парақшалар жатады. Яғни, қылмыскер аталған парақшаларды бұзу арқылы адамның ондағы таныстары мен достарына байланысқа шығу мүмкіндігіне қол жеткізеді. Өстіп, ол парақшасын бұзған адамның атын жамылып, оның танысына шығып, банк картасынан басқа картаға ақша аударып беруін, артынан қайтаратынын айтады. Өзімен күнделікті сөйлесіп жүрген адамына белгілі бір сомада ақша аударып беруден еш күдіктенбеген адам, сұраған ақшаны аударып жібереді, - дейді Ғалымбек Қанатұлы.Желі арқылы іске асырылатын алаяқтықтың тағы бір түрі – жоқ тауарды тұтынушыға сату. Яғни, алаяқ белгілі бір тауарды сатып алуды көздеген адамның байланыс нөмірлерін түрлі жарнамалық сайттардан тауып алып, оған хабарласады. Мысалы, сіз автокөлік сатып алуды көздедіңіз делік. Алаяқ сізге хабарласып, өзінде сіз іздеген автокөлік түрінің барын айтады. Қазіргі уақытта ол автокөлікті сатып алуға бірнеше адамның үміткер екенін айтып, көлік өзіңізге ғана сатылуы үшін сізден алдын-ала белгілі бір көлемдегі қаражатты өзінің банк картасына аударуды сұрайды.
Бұл жерде клиентке кезекті психологиялық шабуыл жасалады. Автокөлік сізге ғана сатылуы үшін толық көлемдегі бағаның белгілі бір пайызы мөлшерінде алдын ала ақшалай жарна сұралады. Келіспеген жағдайда алаяқ телефонды өшіре салып, ары қарай өзіңіздің оған телефон шалып, жалынуыңызға жағдай жасайды. Осылайша адамды тұзаққа түсіреді. Кейбір кезде адамдар тауар сомасының 70 пайызға дейінгі ақшасын алаяқтың банк картасына аударып жіберіп, тауардың үйіне дейін жеткізіліп беруін күтіп отырады. Ал алаяқ болса, телефонын өшіріп, жоғалып кетеді, - дейді сұхбаттасушымыз.
Қылмыстың ашылуы еселеп артқан
Жауапты тұлғаның айтуынша, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда Өскемен қаласы бойынша тіркелген интернет алаяқтық бірнеше есеге өскен. Мысалы өткен жылы осы мезгілде алаяқтықтың аталмыш түрі бойынша тіркелген қылмыс саны 27 болса, биыл ол 214-ке жеткен. Яғни, көрсеткіш 8 есеге өскен.
Интернет алаяқтық көрсеткішінің ұлғаюына байланысты Полиция департаментінде қалалық және облыстық криминалистика, тергеу бөлімдері мен басқармаларының мамандарынан арнайы топ құрылған. Осы топтың арқасында желі арқылы жасалатын қылмыстың ашылу көрсеткіші 10 пайызға, яғни 2 есеге артқан. Әр ұялы телефонның өзінің арнайы коды болады. Сол арқылы қылмыстардың қай өңірде істелгенін анықтай аламыз. Тағы бір қызық жағдай – мұндай қылмыстарға халықаралық деңгейдегі қылмыскерлермен қатар, еліміздегі түрмелерде жазасын өтеп жатқан адамдардың да барып жататындығы. Алайда мұндай жағдай бірнеше жыл бұрын болған. Қазірде ол жоқтың қасы. Десек те, біз оларды да тексеріп отырамыз, - деп Ғалымбек Қанатұлы сөзін аяқтады.