Өскеменде Жармалық шаруалар кезекті жәрмеңке өткізді

31 Наурыз 2019, 13:44
3849
Бөлісу:
Өскеменде Жармалық шаруалар кезекті жәрмеңке өткізді
Фото: автордан

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Өскемен қаласында Жарма ауданының әкімдігі кезекті ауылшаруашылығы өнімдері жәрмеңкесін өткізіп, қала тұрғындарына бес тонна ет пен бір тоннадан астам мөлшерде көкөкніс өнімдерін ұсынды.

Өскеменде Жармалық шаруалар кезекті жәрмеңке өткізді

«Бүгін біз облыс орталығында кезекті ауылшаруашылығы өнімдері жәрмеңкесін ұйымдастырып отырмыз. Осыған дейін желтоқсан айында бір келіп кеткен болатынбыз. Ол кезде қала тұрғындарын соғым етімен жарылқаған едік. Енді міне кезекті жәрмеңкеміз соғым етінің таусылып, «жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер» шағына дөп келген екен. Осы себепті біз бұл жолғы жәрмеңкеге 3,5 тонна ірі қара, бір тонна жылқы және бес жүз келіге жуық қой етін, сондай-ақ бір тоннадан астам картоп,пияз, қырыққабат сияқты көкөніс өнімдерін әкелдік», - деді Жарма аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Айдын Аңсабаев.

Өскеменде Жармалық шаруалар кезекті жәрмеңке өткізді

Жауапты тұлғаның айтуынша, жармалық шаруалардың өнімдері қаладағы бағадан әлдеқайда төмен көрінеді. Мысалы мұнда картоптың әр келісі – 65 теңгеден, қырыққабат - 100 теңгеден саудаланса, сиыр етінің әр келісі – 1500 теңгеден, жылқы еті – 1600 теңгеден сатылған.

«Бұл жерде мал етінің сапасына қарай, яғни арқа еті, сан еті деп бөлген жоқпыз. Барлығы бір бағада сатылды. Ауыл-аймақтан келіп отырған шаруалардың кейбірінің ет бағасын 1300-1400 теңгеге дейін түсіріп сатып жатқандары да жоқ емес. Біз оларды бағаны түсірдің деп айыптамаймыз. Ең бастысы қойылған шектік бағадан, яғни сиыр еті – 1500, жылқы еті – 1600 теңгеден аспаса болғаны», - деді бөлім басшысы.

Өскеменде Жармалық шаруалар кезекті жәрмеңке өткізді

Өскеменде Жармалық шаруалар кезекті жәрмеңке өткізді

Бұдан бөлек, бүгінгі жәрмеңкеде Жарма ауданына қарасты Бақыршық ауылдық округінің наубайлары пісірген нан-тоқаш өнімдері де қала тұрғындарына ұсынылды. Жәрмеңкеге Жарма ауданының 19 ауылдық округінің 17-сі таза ет өнімдерін әкелсе, екі округі нан-тоқаш, құрт, май және ірімшік өнімдерін ала келді. Нарықтық бағадан 10-15 пайыз төмен бағаға саудаланған ауылшаруашылық өнімдері қала халқының көңілінен шықты.

«Бүгінгі жәрмеңкеге ауылшаруашылық өнімдерін саудалаудан бөлек ауданымыздың өнерпаздары өздерінің концерттік бағдарламаларын да ала келді. Жәрмеңкенің салтанатты бөлігін өңірімізге әйгілі «Сұлуым» эстрадалық тобы мен жармалық әртістеріміз әсерлеп жатыр. Қала тұрғындарының құлақ құрышын қандыратын әсем әндер мен тәтті күйлер, сондай-ақ көбімізге жақын халық әндері көптеп орындалуда», - деп сөзін тәмамдады Айдын Аңсабаев.


Өзгелердің жаңалығы