Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өскеменде көгалдандыру бағдарламасының көпжылдық жоспары жүзеге асырылады. Бұл туралы қала әкімі Жақсылық Омар әлеуметтік желідегі жеке парақшасында жазды.
Әкімнің айтуынша, бұған дейін Өскеменде ағаш отырғызу қысқа мерзімді бағдарламалардың аясында ортақ жүйеліліксіз жүзеге асырылып келді. Бірқатар ауданда мүлде отырғызылмай қалған. Кәсіби емес күтім көшеттердің өміршеңдігін төмендеткен. Ал дендрологиялық жоспар жағдайды түбегейлі өзгертеді деп күтілуде.
Жоспар құрудың алғашқы кезеңі ретінде барлық ағаш түгенделеді. Біз бұл бағытта жұмыстарды бастап кеттік. Осы тұста кейбір ағаштарда пайда болған белгілер туралы айта кеткен жөн. Адамдар ағаштардың көбін кесуге тура келеді деп уайымдайды. Мамық түзетін теректер ғана белгіленген. Теректердің бұл түрлерін маусым айында анықтай алдық, сондықтан алдағы уақытта мәліметтер базасына енгізу үшін ағаштарға белгі қойылды. Уақыт өте келе мамық түзетін теректерді кесу мәселесі қарастырылуда. Бірақ бұл көгалдандыру бағдарламасы құрылып, олардың орнын алмастыратын көшеттер отырғызылғаннан кейін ғана мүмкін болады, - деді Жақсылық Омар.