Өскеменде Әз-Наурыз «Ұлы даланың жеті қыры» дәстүрінде өтті

23 Наурыз 2019, 10:39
2939
Бөлісу:
Өскеменде Әз-Наурыз «Ұлы даланың жеті қыры» дәстүрінде өтті

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Өскемен қаласы биылғы Наурыз мейрамын бұрынғыдан ерекше кең ауқымда тойлады.

Қаланың бірнеше бөлігінде өткізілген мерекелік шаралардың ең көлемдісі Республика алаңында ұйымдастырылды. Мұнда киіз үйлер мен шатырлар құрылып, алып батырлар көрмесі  өткізілді.

Орталық алаңға «Ұлы даланың жеті қыры» тақырыбында алты қанатты жеті киіз үй құрылды. Оларда ерте түркі дәуірінің құнды жәдігерлері мен музыкалық аспаптар көрмелері, Алтын Адам экспозициясы көпшілік назарына ұсынылды. Алтыбақан құрылып, арқан тартудан, асық атудан, тоғыз құмалақ пен қазақша күрестен сайыстар өткізілді. Алаңды жағалай орналасқан шатырларда қала кәсіпкерлері өз өнімдерін сатып, көпшілікке кәуап қақтап, Наурыздың ажырамас атрибуты саналатын наурыз көжені таратты.

Өскеменде Әз-Наурыз «Ұлы даланың жеті қыры» дәстүрінде өтті

«Ұлыстың ұлы күні түркі халықтары үшін ерекше мейрам. Осы күннен бастап біздің ата-бабаларымыз жыл санауды бастаған. Біз де осы дәстүрді бүгінде жалғастырудамыз. Біздің осы күнді атап өтуіміз, осы күнге қол жеткізуіміз ұлы замандасымыз, Тұңғыш Президент - Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың арқасы екенін естен шығармауымыз керек. Құрметті жерлестер мемлекетімізге сеніңіздер, Елбасын құрметтеңіздер. Әр шаңыраққа молшылық, бақыт және толағай табыс тілеймін», - деді облыс әкімі Даниал Ахметов.

Бұл күні қаланың Келісім орталығы - Достық үйінің жанындағы алаңда этномәдени орталықтардың ұйымдастыруымен мерекелік шаралар өтті. Мұнда жәрмеңкемен қатар, мың данадан астам бауырсақтан алып пирамида жасалып, барлық келушілерге тегін таратылды. Үш киіз үй тігіліп, бірінде қазақтың салт-дәстүрлері паш етілсе, қалған екеуінде наурыз көже мен басқа да тағамдар жұртшылыққа ұсынылды. Кір және қой көтеруден жарыстар ұйымдастырылды. 

Өскеменде Әз-Наурыз «Ұлы даланың жеті қыры» дәстүрінде өтті

Бұдан бөлек, Спорт сарайының алдында бауырсақ сайысы ұйымдастырылды.

Мерекелік шараның екінші бөлігі кешкі сағат 19.00-де басталып, жиналған көпшіліктің алдында Алматы қаласынан арнайы шақыртылған эстрада жұлдызы Төреғали Төреəлі ән шырқады.

Өскеменде Әз-Наурыз «Ұлы даланың жеті қыры» дәстүрінде өтті

Концерт барысында Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар орталық алаңдағы мерекелік шараны ұйымдастыруға бір адамдай атсалысып, «Ұлы даланың жеті қыры» іспеттес жеті киіз үй құрған Д. Серікбев атындағы ШҚМТУ, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ, облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары мен Білім басқармаларының, Халифа Алтай облыстық мешітінің, Өскемен жылу және сумен қамту жүйелері мен қала әкімдігі бөлімдерінің ұжымдарына қала әкімінің Алғыс хаттары табысталды.

Кеш соңы мерекелік отшашумен аяқталды.

Өзгелердің жаңалығы