Өскемен әуежайы жөндеуден соң халықаралық деңгейге көтерілмек

4 Ақпан 2020, 16:51
1473
Бөлісу:
Өскемен әуежайы жөндеуден соң халықаралық деңгейге көтерілмек

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қайта жөндеу жұмыстары көзделген Өскемен әуежайы алдағы уақытта халықаралық әуежайға айналып, жолаушылар мен жүк қабылдау көлемін ұлғайтпақ.

Бұл жөнінде Аймақтық коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихатын өткізген облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмәділов хабарлады.

Өскемен қаласындағы әуежайдың ұшып-қону жолағы 2800 метрге дейін ұзартылып, жол қабаты қалыңдай түседі. Қазіргі уақытта жүгіру жолағының ұзындығы 2500 метр. Қайта жөндеуден өткен соң бұл нысан халықаралық әуежайға айналып, жолаушылар мен жүк қабылдау көлемін ұлғайтады. Бұдан бөлек, әуежай аумағына уақытша сақтау қоймасы салынады. Үлкен ұшақтарды орналастыратын тұрақтар аумағы ұлғайтылып, жүк терминалы пайда болады. Әуежайды жылумен және сумен қамтамасыз ететін жүйелер толықтай қайта жаңартылады, - деді Нұржан Сайлаубекұлы.
Басқарма басшысының айтуынша, биыл әуежай маңындағы құрылыстар салынып, қажетті құрылғылар сатып алынып, дайындық қалпына келтірілетін көрінеді. Дегенмен, 2021 жылдан бастап қана қолға алынатын ұшып-қону жолағындағы құрылыс жұмыстары Өскеменге тартқан жолаушының жолын бөгемейді.

Ұшып-қону жолағындағы қайта жөндеу жұмыстары әуежайға келіп-кететін ұшақтарға кедергі келтірмейді, яғни әуежай жабылмайды. Тек барлық рейстер түнгі уақытқа ауыстырылатын болады, - деп қосты Нұржан Жұмәділов.
Сонымен қатар, бүгінгі таңда ұшып-қону жолағы 1500 метрді құрайтын Үржар ауылындағы әуежай да қайта жөндеуден өтіп, жүгіру жолағының ұзындығы 2100 метрге дейін ұзартылмақ. Осылайша соңғы жылдары туристер тартымдылығы көрсеткішін жақсарта түскен Алакөл аймағындағы әуежай үлкен ұшақтарды қабылдай алатын дәрежеге жетеді.

Өзгелердің жаңалығы