Сирияда одақтас елдер арасындағы жасырын қарама-қайшылық сыртқа шыға бастады – Расул Жұмалы

28 Ақпан 2020, 14:29
2739
Бөлісу:
Сирияда одақтас елдер арасындағы жасырын қарама-қайшылық сыртқа шыға бастады – Расул Жұмалы

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Кешегі одақтас Ресей мен Түркия арасында алауыздық пайда болды. Ресейдің көздегені Сириядағы билікті толығымен Асадтың қолында сақтап қалу. Түркия да өз айтқанынан танбайды. Бұл туралы саясаттанушы Расул Жұмалы сұхбаттасу барысында айтты.

Саясаттанушының айтуынша, қазір Сириядағы жағдай өте күрделі. Ол көптеген ойыншының ойы тоғысқан, қарама-қайшылыққа толы жер. 

Сирияның солтүстігіндегі бүгінгі теке-тірес ондағы 9 жылдан бері жалғасып келе жатқан соғыстың бір кезеңі. Оны бұған дейінгі оқиғалардан бөліп қарауға болмайды. 2011 жылы Сирияда алдымен халықтың наразылығымен революция басталды, оның арты азаматтық соғысқа ұласты. Осының бәрі Сирияның ішкі ісіне сыртқы ойыншылардың араласуына алып келді. Сириядағы стратегиялық, экономикалық, транзиттік және басқа да геостратегиялық жағдайды ескере отырып көптеген ойыншылар келді. Және олардың арасында кикілжіңдер де көп. Оның бәрі жақын арада шешіле қалуы неғайбіл, - дейд ол. 

Саясаттанушы Ресей мен Иран сияқты сыртқы күштер Асадты қолдаса, кейбірі елдегі оппозицияны қолдайтынын айтады. Алайда ондағы оппозицияның өзі біркелкі деп айту қиын. Себебі көптеген топ бар, оның ішінде зайырлы оппозиция, діни оппозиция және Күрдтер сияқты ұлттық топтар да бар. 

Қазір Түркияның жақтастары мен Сириядағы Асадтың жақтастары арасында теке-тірес жүріп жатыр. Бұл әлі ұзаққа созылуы мүмкін. Өйткені Түркия да өзінің ұстанымынан қайтқысы жоқ, Сирия да аймақтық басымдықты орнатқысы келеді. 2018 жылға дейін Сириядағы ішкі және сыртқы күштер осы жерде халықаралық терроризмді құрту үшін жүрміз дегенді айтатын. Олардың бір жартысы АҚШ және НАТО коалициясы болса, тағы бірі Араб мемлекеттері, Иран бастаған шейдтік топтар, Ресей және Сирияның ішіндегі Күрдтер қозғалысы болды. ДАИШ тойтарыс алып, жеңіліске ұшырады. Осыдан бастап сыртқы күштер арасында болған жасырын қарама-қайшылықтар сыртқа шыға бастады. Соның бірі жақтас болып келген Иран, Түркия және Ресей арасында болып отыр. Бұлар ортақ әрекеттер жасауға тырысты. Астанада Сирия мәселесіне қатысты конференциялар өткізді. Бірақ уақыт келе олар арасындағы қарама-қайшылықтар сыртқа шығып отыр, - дейді Расул Жұмалы. 

Оның айтуынша, Сирия басшылығы қазір елдің 80 пайыздайын ғана бақылап отыр. Онда сонымен қатар күрдер басшылық ететін аумақтар бар. Сондай-ақ Түркия қолдайтын зайырлы опозиция күштері де бар, оның құрамында түрікмендер мен түркітілдес ұлттардың қауымдастықтары бар.  Елдің оңтүстігінде де Асадқа қарамайтын оппозициялық орталықтар мен радикалды діни ұйым көп көрінеді. 

Ресей, Иранның көмегімен жеңіске жеткен Башар Асад бүкіл ел бойынша өзінің үстемдігін құрмақшы, жаңағы 20 пайыз жерді өз бақылауына алу үшін әрекеттеніп жатыр. Бұл жерде Күрдтердің солтүстік-шығыста үлкен ықпалға ие екенін ескерген жөн. 2011 жылдары алғаш революция басталғанда Асад пен Күрд командирлері арасында белгілі бір уағдаластық болған. Яғни сіздер үкіметке қарсы шықпайтын болсаңыздар, түбінде біз сіздерге автономия береміз дегендей. Бірақ Асад күшіне енген соң ол сөздерінен айнып отыр. Бұған дейін бейтарап позицияны ұстанғанып келген күрдтердің арманы өз мемлекеттерін құру, - дейді саясаттанушы. 

Оның айтуынша, Таяу Шығыста 30 млн-ға жуық күрд бар, бәрі өз тәуелсіздігін орнатуға ұмтылып отыр. Иракта күрдетр автономия алған, енді Сирияда да сондай жағдайға жеткісі келеді. Ал Түркияның бас ауруы осы күрд факторы болмақ. Өйткені Иран, Ирак, Сирияға қарағанда Түркияда күрдтер көп тұрады, шамамен 15 миллиондай екен. 

Сириядағы және  Түркиядағы күрдтер ертең бас көтеретін болса ол Ердоғанға да, Анкараға да үлкен проблема. Түркияның Сирия мәселесіне араласуындағы негізгі бір факторы осы күрд мәселесін ауыздықтау. Сириядағы күрдтердің күшіне енуіне мүмкіндік бермеу. Екіншіден, Түркия бұл елмен шекаралас - ел. Сириядағы он жылдай соғыстың нәтижесінде заңсыз контрабанда, миграция мәселесі Түркияға қатты әсер етті. Сондай-ақ 3 миллиондай босқын Түркияға кірген және қазір ауыртпалық салып отыр. Сондықтан Түркия елдің солтүстігін қалыпқа келтіру, қауіпсіздік аймағын құруға тырысуда. Ол жердегі барлық қаруды шығарып жатыр. Алайда Сирияның әскерлері Ресей ұшақтарын пайдалану арқылы оларды бомбалап, ол жерге өз билігін орнатпақшы. Енді жергілікті халық соғыс әрекеттерінен кейін Түркияға қарай қайта қашып жатыр. Мұның бәрі Түркия үшін үлкен шығын, - дейді Расул Жұмалы. 

Саясаттанушының айтуынша, елдегі осындай жағдайлардан кешегі одақтас Ресей мен Түркия арасында теке-тірес пайда болғанын айтады. 

Ресейдің көздегені Сириядағы билікті толығымен Асадтың қолында сақтап қалу. Түркия да өз айтқанынан танбайды. Міне осындай кикілжің соңғы бір айда қатты шиеленісіп кетті. Екі ел ашық соғысқа бара қоймас, өйткені ол Путинге де Ердоғанға да керек емес. Бірақ гибридті теке-тірес жалғасуы мүмкін, - дейді ол.

Айта кетсек, кеше Ресейлік ұшақтар түрік әскерилері мінген конвойға шабуыл жасады. Нәтижесінде 22 түркия сарбазының қаза болғаны және тағы біршамасының жарақат алғаны хабарланды. Осыған байланысты Түркияда төтенше жағдай жарияланып, кліссөз жүргізіп жатқан ресейлік делегацияны елден шығарып жіберді.

Өзгелердің жаңалығы