Сириядан хабар таратқан Назгүл Кенжетай: «Жәннатта азық көп пе?» деп сұраған сәби көрдім

13 Ақпан 2019, 23:02
5804
Бөлісу:
Сириядан хабар таратқан Назгүл Кенжетай: «Жәннатта азық көп пе?» деп сұраған сәби көрдім

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Қазмедиа орталығында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздарымен кездесті. Жеңімпаздар қатарында Қазақстаннан шыққан тұңғыш халықаралық әскери тілші, фотограф Назгүл Кенжетай бар.

Отандасымыздың жұмыстары Катар, Түркия мен Еуропа елдеріндегі жекеменшік көрмелерде қойылған, ал жазғандары BBC-де жарияланған. Ол өзінің еңбектерінде босқындардың өмір салтын көрсетеді. Назгүл Кенжетай БҰҰ және ЮНИСЕФ-пен серіктесе ете отырып, Түркияға және Сирияға бірнеше рет іссапарға барған. Жас тілшінің айтуынша, оның мақсаты – соғысты қаз-қалпында көрсету әрі осылайша жәбір көрген балалардың дауысына айналу.

«Мен Қызылорда қаласында туып өстім. Қазіргі таңда тәуелсіз Қазақстаннан шыққан тұңғыш халықаралық әскери тілшімін. 23 жастамын. Ең алдымен еліміздің ең маңызды жаңғыруы аясында таңдалған 100 жаңа есімнің ішінде болу маған шексіз мақтаныш пен қуаныш сыйлады. Мені бұл дәрежеге лайық деп білген баршаңызға үлкен алғысымды айтамын. Өздеріңіз жақсы білесіздер, әлемде саяси, дипломатиялық, стратегиялық және тағы басқа себептерге байланысты көптеген қақтығыс орын алып жатыр. Сол қақтығыстардың бірі - Таяу шығыстағы Сирия. 2014 жылдан, студенттік жылдарымнан бері осы мәселелерді жақыннан зерттеуді қолға алдым. Адамзаттың басына келген бұл проблеманы зерттеу арқылы теңізде бір тамшы сияқты болсам да, әлемге, адамзатқа өз көмегім тисе екен дедім. Мен емес, мамандығым мені таңдады. Осылайша, жас маман үшін жауапкершілігі өте ауыр жолға шықтым. Осы жолда «жәннатта азық көп пе?» деп сұраған сәбиді көрдім, өзендей ағып, жоқ болып кеткен бір мемлекет көрдім, босып кеткен халық көрдім, байрағы жерде тапталған ел көрдім және сол байрағын қорғай алмаған ер көрдім. Осының бәрін көрдім және қолымнан келгенінше әлемге көрсетуге тырыстым. Мақсатым отансыздықтың не екенін көрсету еді», - дейді Назгүл Кенжетай.

Тілшінің айтуынша, өзінің журналистикалық зерттеу жұмыстары шетелде жыл жобасы боп таңдалса да, ол үшін өз Отанын соғысқа қарсы, бейбітшіліктің көк туын желбіреткен ел ретінде әлемге таныту кез келген жетістіктен қымбат.

«Басқа дамыған елдер келешекке тура жүрсе, біздің жүгіруіміз қажет. Бүгінде Қазақстан тек қана Орта Азияда емес, қазақ журналистері, бейбітшілік әскерлері және қазақ тілі қайда болса, Қазақстан сонда. Жаһандану деп осыны айта аламыз. Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, мен отансыздықтың не екенін өз көзіммен көрген жан ретінде сіздің бұл бейбітшілік жолындағы еңбегіңіздің оңайшылықпен келмегенін ұқтым», - деді Назгүл Кенжетай.

Атап өтсек, бұл жолғы «100 жаңа есім» жобасында 29 адам жеңімпаз атанды. Олардың қатарында қоғам, спорт, білім, мәдениет, бизнес, ІТ, медицина, ғылым және БАҚ саласының мамандары бар.

Қымбат ЕЛТАЙҚЫЗЫ

Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ


Өзгелердің жаңалығы