Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сирия бойынша келіссөздердің кезекті раунды Нұр-Сұлтанда қай күндері өтетіні белгілі болды. 10-11 желтоқсанда елордада Сирия бойынша кезекті XIV Халықаралық жоғары деңгейдегі кездесу өтеді. Бұл туралы бүгін Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді.
Оған гарант елдер – Ресей, Иран және Түркия, Сирия үкіметі және Сирия қарулы оппозициясы делегацияларының қатысуы жоспарлануда.Бақылаушылар ретінде Біріккен Ұлттар Ұйымы, Иордания, Ливан және Ирактың жоғары өкілдері қатысады. Отырыстың күн тәртібіне келесі мәселелер кіреді. Сириядағы жер бетіндегі ахуал, Евфрат өзенінің арғы жағы және тұтқындарды босату және із-түссіз жоғалған адамдарды іздестіруді қоса алғанда сенім шаралары, босқындарды қайтару және мемлекет ішіне қоныс аударған тұлғалар контекстінде Сирияға кешенді гуманитарлық көмек көрсетуді жандандыру, оның ішінде халықаралық конференция өткізу туралы тиісті бастамаларды талқылау, Конституциялық комитеттің іске қосылуы аясында саяси үдерістерді ілгерілету мәселелері қаралатын болады, - деді баспасөз хатшысы Айбек Смадияров.Сондай-ақ аталмыш кездесу алаңында БҰҰ мен Халықаралық Қызыл Крест комитеті сарапшыларының қатысуымен күшпен ұсталып отырған адамдарға арналған жұмыс тобының X-шы отырысын өткізу жоспарланған.
Естеріңізге сала кетейік, Сирия бойынша келіссөздер желтоқсанға шегерілетіні туралы қараша айында белгілі болған еді. Саяси маңызды бұл келіссөздердің 13-ші раунды Нұр-Сұлтан қаласында биылғы жылдың 1-2 тамыз аралғында өткен болатын.