Сиқы қашқан смарт аялдама. Талдықорған әкімдігінің әнтек әрекеті

19 Шілде 2023, 21:15
744
Бөлісу:
Сиқы қашқан смарт аялдама. Талдықорған әкімдігінің әнтек әрекеті
PHOTO
Фото: автордан

Биыл Талдықорғандағы аялдама кешендерін күтіп-ұстауға әрі жөндеуге 80 млн теңге бөлінген. Бұған тұрғындар таңғалып отыр, себебі смарт аялдамалар өз міндетін атқарып жатқан жоқ, деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.

Аймаққа ақылды аялдама қажет пе?

Уағында әкімдік Талдықорғанды ақылды қалаға айналдырамыз деп алып-ұшқан. Қазіргі сенатор Ғалиасқар Сарыбаев Алматы облыстық мәслихат хатшысы болып тұрған тұста жиын сайын облыс орталығы әрбір тұрғыны – заманауи қаланың адамы атанады деп баяндайтын. Одан кейін шағын шаһардың басынан не өтпеді, ал айтылған әңгіме айтылған жерінде қалды.

Жә, бұл енді басқа тақырыптың мазмұны. Бірақ, солай дегеннің өзінде жылда бардюрі ауысатын шағын қаланың шырайы күннен-күнге шашырап барады. Орталық жолдардың дені сапасыз, серуендейтін орындар тіпті аз, қаланы абаттандыру жұмыстары жөнге салынбаған, қоқыс көп, ал аялдамалары қирап жатыр.

«Ақылды аялдама», бұл нағыз ақша шашудың бір парасы. Олай дейтініміз 2019 жылы орнатылған смарт аялдамалар 3 жыл өтпей жатып қирауда. Құны 8 млн басталатын кешеннің материалы қаңылтырдан жасалған. Әрине, Қытайдың өнімі. Жергілікті жұрт Қытайда мұндай аялдамалар 3 есе арзан тұратынын айтуда. Бұл былық А.Баталовтың тұсында басталған.

Сиқы қашқан смарт аялдама. Талдықорған әкімдігінің әнтек әрекеті

Ақылды аялдама деп орнатты, ертеңінде есігі сынды. Ішіне кірсен алқаштар ұйықтап жатады. Өзі қаланың қысы қатты суық емес қой. Астана не Қарағанды секілді қатты аяз да болмайды. Әрі бір орнатып, бір алып берекесін қашырды. Университеттің алдына орнатқан басында, артынан жол жөндейміз деп алып тастады. Әкімдік биыл орталық көшелерге заманауи әжетхана орнатқан, ол да осының күйін кешіп тұр. Істемейді. Ал миллиондар шашылып жатыр, - дейді қала тұрғыны Әнуар Арманов.

Смарт аялдамалардың сапасы сын көтермейді

Қараңыз, облыс орталығында смарт аялдамалардан бөлек, стандартты түрде салынған плакатты аялдамалар бар. Олардың құны уағында 2 млн. 800 мың теңгені құраған. Қазір оның көбісінің әйнегі сынып, бояуы кетіп тұр. 2019 жылдың есебі бойынша осындай 50 аялдама орнатылған, қала әкімдігі тағы 40-қа жуығын орнатылатынын айтқан-ды. Бұл стандартты аялдамаларда интернет желісі жоқ демесеңіз, шатыры бар, күн мен қардан қорған. Яки, Талдықорғанға осы нұсқа тиімді. Мұны қоғамдық кеңес мүшелері бе қолдаған еді.

Смарт аялдама дегеніңіз күннің суығында болмаса, ыстығында қажет емес қой. Сосын қуат көзі мен интернет желісі кімге қажет?! 5-10 минут автобус күткен жолаушыға түкке де қажет емес. Оның ішінде отырып алып балалар ойын ойнап, сабақтан қалып қалады қайта. Қалай дегенде де заманауи аялдама өте қате шешім. Талдықорған шап-шағын қала адам жаурайтында, үсіп қалатындай қала емес, оның үстіне сапасы сын көтермейді, - дейді зейнеткер Зәріп Ізтілеу.

Бұл заманауи жылы аялдамаларда Wi-Fi желісі, телефон қуаттағыш және автобустың кестесі орналасқан. Одан бөлек күннің көзінен қуат алатын әмбебап аялдамалар да бар. Оның құны 11 млн үстінде. Мердігер компаниямен басында қала әкімі келіспей есігі жабық тұрған, артынан ашылды. Қазір қалада жиырмадан астам смарт аялдамалар бар. Оның көбі қаланың шетінде орналасқан.

Мұнда мердігерлердің мүддесі жатыр

Жалпы, аялдама кешендерінің жалпы саны 282 бірлік, оның ішінде: 155 бірлік лайтбокстары бар стандартты типтегі аялдамалар, 106 бірлік ескі үлгідегі аялдамалар және 21 бірлік смарт аялдамалар. Біз қала әкімдігінің аялмадалардың жаңғыртуға қыруар қаржы бөлгенін естіп, мән-жайды сұраған едік.

Сиқы қашқан смарт аялдама. Талдықорған әкімдігінің әнтек әрекеті

Мемлекеттік сатып алу веб-порталында аталған нысан 2 рет жарияланды. Атап айтқанда 30.01.2023ж. және 03.05.2023ж осы конкурсқа қатысқан мердігер ұйымдар қорытынды хаттамға шағымданып, камералдық бақылау жүргізіліп, Жетісу облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің камералдық бақылау нәтижелері бойынша конкурсқа қатысуға бір әлеуетті өнім беруші жіберілмеуіне байланысты конкурс өтпеген деп танылды. Қазіргі кезде аталған конкурс 10.07.2023ж. қайта жарияланды. Конкурстың аяқталу мерзімі шамамен 12.09.2023 жыл, - деп ақпарат берді.

Мердігер ұйым анықталысымен жүзеге асыратын жұмыс түрлері: қоқыс жәшіктерін қолмен тазалау, орындықтарды, терезелерді жуу, бояу, жарық қораптары мен шамдарды ауыстыру, кондиционерді жөндеу және сыртқы бейнекамераны орнату және т. б.

Бәрібірде әкімдіктің әнтек әрекеті әшкере болуда. Неге десеңіз, смарт аялдама халықтың жағдайын ойдап емес, мердігердің мүддесі үшін салынғаны анық. Бұлай дейтініміз, сол аялдаманың қызығын халық көп көрген жоқ. Ішін үйсіз-күйсіз жүргендер мен араққа сылқия тойғандар паналап жүр. Ал интернет желісі дұрыс істемейді.

Бір смарт аялдаманың құнына сапасы жақсы стандартты аялдама салуға болады. Бұл әрі ұзаққа шыдайды, әрі бюджетті үнемдеп, басқа салаға жұмсауға себеп болады. Тұрғындар мұның бәрі көзбояушылық деп отыр. Мұнда мердігерлердің мүддесі жатқаны көрініп тұр. Себебі жазда мұздатқышы істемейді. Үш жылда қаусап қалған смарт аялдамаларды жылда жөндей бергенше, оның орнына ескі үлгідегі берік әрі материалы сапалы аялдама орнатқан әлдеқайда тиімді.

Ал бұған әкімдіктің ақылы жете ме? Қалай ойлайсыз?

Өзгелердің жаңалығы