СІМ ядролық қару туралы мәлімдеме жасады

1 Ақпан 2021, 18:18
1335
Бөлісу:
СІМ ядролық қару туралы мәлімдеме жасады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі cтратегиялық шабуыл қару-жарақтарын қысқарту мен шектеу шаралары туралы шарттың ұзартылуына орай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды СІМ баспасөз қызметі.

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі ядролық қарусыздану саласындағы соңғы халықаралық құжат саналатын 2010 жылғы 8 сәуірдегі Стратегиялық шабуыл қару-жарақтарын қысқарту мен шектеу шаралары туралы шартты (СШҚ-ІІІ) ұзарту туралы Ресей Федерациясы мен Америка Құрама Штаттарының шешімін құптайды. Бұл Ресей тарапының Шартты ұзарту бойынша дәйекті күш-жігерінің нәтижесінде мүмкін болды және ол халықаралық қауіпсіздікке ықпал ететін барлық факторларды ескере отырып, зымыран-ядролық қару-жарақты одан әрі бақылау бойынша кешенді жұмыстарды жүзеге асыруға уақыт береді. АҚШ-тың жаңа Әкімшілігінің СШҚ-ІІІ шартын келесі бес жылға ұзарту туралы түбегейлі келісімі екіжақты қарым-қатынастарды оңалтуға және өзара сенімді қалпына келтіруге үміт беретін оң белгі, – делінген хабарламада.

Шартты ұзарту мемлекеттердің жауапты мінез-құлықтың, ядролық қарусыздану үдерісіне бейілділігінің және қару-жарақтың қауіпті жарысының алдын алудың үлгісін көрсетеді.

Шарт екі мемлекеттің стратегиялық қарым-қатынасының ашықтығы мен болжамдылығын сақтауға, сондай-ақ, Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың (ЯҚТШ) VI бабына сәйкес ядролық қарусызданудың дәйекті үдерісінің сабақтастығын қамтамасыз етуге бағытталған. Келешекте ол ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ядролық державалар көшбасшыларының кездесуін өткізу туралы бастамасы шеңберінде көпжақты диалогқа негіз болуы тиіс. Қазақстан КСРО-ның құқықты мирасқорларының бірі ретінде 1991 жылғы Стратегиялық шабуыл қару-жарақтарын қысқарту мен шектеу туралы шартының (СШҚ-І) тарапы болып, 1992 жылғы 23 мамырда Лиссабон хаттамасына қол қойды. Қазақстан Лиссабон хаттамасының ережелерін орындау шеңберінде ядролық қаруы жоқ мемлекет ретінде ЯҚТШ-ға қосылды. Біздің еліміздің қуаты жағынан әлемдегі төртінші ядролық қару арсеналынан өз еркімен бас тарту туралы тарихи шешімі жаппай қырып-жою қаруының қауіп-қатерінен азат әлемге қол жеткізу жолындағы бұлжымас бағытымыздың берік негізіне айналды. БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-сессиясында сөйлеген сөзінде ҚР Президенті Қ.К.Тоқаев ядролық державаларды адамзатты ядролық апаттан құтқаруға бағытталған қажетті әрі кезек күттірмес барлық шараларды қолға алуға үндеді. Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартының күшіне енуі және СШҚ-ІІІ шартының ұзартылуы ЯҚТШ Шолу конференциясы қарсаңында Біріккен Ұлттар Ұйымының 100-жылдығына, яғни 2045 жылға дейін ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу жолында сындарлы диалог құрып, өзара сенімді қалпына келтіруге септігін тигізеді деп сенеміз, – делінген мәлімдемеде.
Өзгелердің жаңалығы