СІМ Ресейдегі экс-консул туралы: Оның бізге еш қатысы жоқ

3 Шілде 2023, 17:50
846
Бөлісу:
СІМ Ресейдегі экс-консул туралы: Оның бізге еш қатысы жоқ
Фото: Артём Чурсинов - архив

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Тергеу комитетінің Қазақстанның Ресейдегі экс-консулының айтқан сөздерін тексеру туралы ақпаратқа пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұған дейін ғаламтор желісінде елімізде тұратын орыс ұлтының өкілдеріне қатысты жағымсыз пікірлер айтылғаны туралы ақпарат тараған.

Жаңалықтардан біз Ресейдің тергеу комитеті айтылған пікірді тексеруге қатысты жұмыстың басталғаны туралы ақпаратты көрдік. «Экс-бас консулға» қатысты айтылған екен. Бұл адам көп уақыттан бері жұмыс істемейді. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне ешқандай қатысы жоқ. Тергеу комитетінің баспасөз қызметіне экс-бас консул емес, Қазақстан азаматына қатысты тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқаны туралы ақпаратты беруге не кедергі болғанын білмеймін. Мүмкін, назарды солай аударғылары келген шығар. Тағы да айтамын, бұл адамның СІМ-не бұрыннан қатысы жоқ. Оның пікірін түрлі мемлекеттік органдар, біздің, ресейлік органдар заңға сәйкес бағалай жатар, - деді Айбек Смадияров.

Айтуынша, Мейрам Қанапия қазіргі уақытта Қазақстанда болмауы мүмкін. Кейбір деректерге сәйкес, ол Швецияға кеткен.

Оның Швецияда екендігі, сол жақтан саяси пана сұрағаны туралы ақпар бар. Өйткені Қазақстанда оған қатысты қылмыстық іс қозғалған, - деді ресми өкіл.

Еске сала кетейік, РФ тергеу комитеті Мейрам Қанапияны оның Қазақстанда тұратын орыс ұлтының өкілдеріне қатысты жағымсыз пікірінен соң тексерісті бастағандығы туралы ақпарат таралған еді.

Өзгелердің жаңалығы