Сыртқы істер министрлігі Қазақстан азаматтарының Ресей елшілігіне жеткізілетіні туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Әлеуметтік желілерде 14 Қазақстан азаматы бүгін қақтығыс аумағынан Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігіне жеткізіледі деген расталмаған мәлімет тарап жатыр.
Сыртқы істер министрлігі бұл ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін ресми түрде мәлімдеді.
Бұл тақырыптың қоғам үшін, әсіресе азаматтарымыздың туған-туыстары үшін қаншалықты маңызды екенін толықтай түсінеміз. Сондықтан тексерілмеген мәліметтерді таратуға мүлдем жол берілмеуі тиіс. Мұндай ақпарат жақындарынан хабар күтіп отырған отбасыларды адастырады, негізсіз үміт тудырады әрі азаматтарды қорғау жөніндегі Министрліктің жұмысына кері әсерін тигізуі мүмкін. Министрлік Ресей тарапымен түрлі деңгейде жұмысын жалғастырып келеді. Мәселе тұрақты бақылауда. Бұл жұмыстың нәтижелері туралы СІМ қосымша хабарлайды, - деп хабарлады ҚР СІМ ресми өкілі Жанболат Үсенов BAQ.KZ сауалына жолдаған жауабында.
Министрлік өкілі Қазақстан Республикасының заңнамасында жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік көзделгеніне назар аударып, азаматтар мен БАҚ өкілдерін тек ресми дереккөздерге сүйенуге шақырды.
Айта кетейік, бұған дейін ҚР СІМ шетелде соғыс аймақтарында жүрген Қазақстан азаматтарын отанға қайтаруға қатысты ресми мәлімдеме жасады.
Сондай-ақ, бұған дейін әлеуметтік желілерде Ресейде жүрген қазақстандықтардың бейнеүндеулері пайда болған еді. Олардың айтуынша, өздерін Ресей Қорғаныс министрлігіне қатысты құжаттарға қол қоюға мәжбүрлеген және қазір Украинадағы соғыс аймағына жіберілу қаупі төніп тұр.
5 қазанда түсірілген басқа бір видеода ер адам шетелдегі бір топ қазақстандық Қазақстан елшілігі мен адвокаттардан көмек күтіп жатқанына он күннен асқанын айтты. Оның сөзінше, басында олар 15 шақты адам болса, қазір он шақтысы қалған, ал соғыс аймағына жіберіледі делінген мерзімге үш күн қалған.
СІМ бұл үндеулерге алғаш рет 2 қазанда түсінік берді. Ведомство жағдайға мейлінше байыппен қарайтынын, ал шетелдегі қазақстандықтардың құқығын қорғау министрлік үшін сөзсіз басымдық екенін мәлімдеді. Сол кезде кейбір отбасылардың көмек сұрап жүгінгені де хабарланған болатын.