Абай облысының Үржар ауданында алкогольдік масаң күйде көлік басқарған 62 жастағы жүргізуші полицияның тоқтау туралы талабына бағынбай, қашуға әрекет жасаған. Қуғын барысында оның Hyundai Tucson автокөлігі патрульдік экипаждың Chevrolet Cobalt қызметтік көлігіне соғылған.
Оқиға 21 қараша күні сағат 00:23 шамасында ауданға қарасты елді мекендердің бірінде болған. «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында қызмет атқарып жүрген полицейлер жолдан күрт бұрылған көлікті байқап, жүргізушіге тоқтау туралы белгі берген. Алайда ол талапқа бағынбай, қозғалысын жалғастырған.
Қуғын кезінде жол талғамайтын көлік патрульдік автокөлікпен соқтығысқан. Медициналық куәландыру нәтижесінде жүргізушінің алкогольдік масаң күйде болғаны анықталды.
Полиция қызметкерлері аталған дерек бойынша екі құқық бұзушылыққа қатысты материалдарды сотқа жолдады. Атап айтқанда, мас күйде көлік басқару және полиция қызметкерлерінің көлік құралын тоқтату туралы заңды талабын орындамау деректері қаралады.
Көлік арнайы айыппұл тұрағына қойылды.
Абай облысының Полиция департаменті жүргізушілерді полиция қызметкерлерінің заңды талаптарын орындауға және алкогольдік ішімдік ішкеннен кейін көлік тізгініне отырмауға шақырды.