СІМ қызметінің мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңес отырысы өтті

1 Қазан 2021, 22:27
3502
Бөлісу:
СІМ қызметінің мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңес отырысы өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосында онлайн режимде ҚР СІМ қызметі мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті, деп хабарлады СІМ баспасөз қызметі.

Қоғамдық кеңестің төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің Хатшысы Мұхтар Ерман мемлекеттік органдардың, сарапшылар қауымдастығы мен азаматтық қоғамның сындарлы өзара іс-қимылының маңыздылығын атап өтті.

Отырыс Премьер-министрдің орынбасары - ҚР Сыртқы істер министрі М.Тілеубердінің сөз сөйлеуімен басталды. Ол отырысқа қатысушыларды ү.ж. 21-28 қыркүйекте Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясы 76-сессиясының жоғары деңгейдегі апталығы аясындағы Қазақстан делегациясы жұмысының қорытындыларымен таныстырды.

Мемлекет басшысының Жалпы пікірталаста, БҰҰ азық-түлік жүйелері жөніндегі саммитінде, COVID-19 індетімен күресудің жаһандық саммитінде және Ядролық қарусыздану жөніндегі жоғары деңгейдегі кездесуде бейнежолдау форматында сөйлеген сөздері cессияның негізгі сәттері болды. 

Министр теңізге шығуға мүмкіндігі жоқ дамушы елдер тобының жыл сайынғы министрлер кездесуіне төрағалық етті және ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың күшіне енуіне жәрдемдесу  жөніндегі министрлер конференциясына қатысты. Сонымен қатар, қазақстандық делегация басшысының БҰҰ басшылығымен және әртүрлі елдердің сыртқы саяси ведомстволарының басшыларымен кездесулері өтті, - делінген ақпаратта.

Қазақстанның қазіргі заманғы өткір сын-қатерлерін еңсеру бойынша әлемдік қоғамдастықтың күш-жігерін біріктіру, оның ішінде биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік пен өңірлік су-энергетикалық консорциум құру, 2045 жылға қарай ядролық қарудан бас тартуға бағытталған қазақстандық бастамалар мен ұсынылып отырған шешімдер халықаралық қоғамдастық мүшелері тарапынан оң қабылданды.

Отырыс барысында ҚР СІМ құрылымдық бөлісшелерінің басшылары БҰҰ шеңберіндегі халықаралық ынтымақтастық, Қытаймен өзара іс-қимыл, оның ішінде «Белдеу және жол» бастамасы аясындағы сауда-инвестициялық ынтымақтастық жөнінде баяндамалар жасады.

Отырыс кезінде Департамент директоры Ж.Қыраубаев ҚХР-мен ынтымақтастықтың Қазақстан Республикасының 2020-2030 жылдарға арналған сыртқы саясат тұжырымдамасы, сондай-ақ Қазақстан мен Қытай көшбасшылары арасында қол жеткізілген уағдаластықтар негізінде жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

Қытай Қазақстанның сыртқы саясатындағы басым бағыттардың бірі болып қала береді. Екі ел арасындағы қатынастар тығыз сындарлы диалогқа негізделген. ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың 2019 жылғы қыркүйек айында Қытайға жасаған мемлекеттік сапары барысында Қазақстан-Қытай қатынастары мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілді. Мемлекет басшылары сыртқы саясаттағы сабақтастық пен өзара басымдылықты растады. Келесі жылдың қаңтарында Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастарға 30 жыл толады, - делінген хабарламада.

Қытайдан еліміздің экономикасына шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны соңғы 15 жылда шамамен 20 млрд АҚШ долларын құрады. 2020 жылы 900 млн АҚШ доллары көлемінде тікелей инвестиция тартылды. 

2021 жылдың 1 тоқсанында шамамен 220 млн АҚШ доллары көлемінде қытайлық инвестиция тартылды. Бірқатар бірлескен инвестициялық жобалар белсенді іске асырылуда. Ағымдағы жылдың басынан бастап Жамбыл облысы мен Шығыс Қазақстан облысында 200 млн АҚШ доллары сомасына жаңартылмалы энергия көздері саласында 2 жоба іске қосылды, жыл соңына дейін тағы 3 жобаны іске қосу жоспарланған.

Пікірталас барысында кеңес мүшелері ведомствоның азаматтық қоғаммен тиімді өзара іс-қимылды нығайту бойынша бірқатар ұсыныс білдірді.

ҚР СІМ қызметінің мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңестің кезекті отырысын 2021 жылғы желтоқсан айында өткізу жоспарланған.








Өзгелердің жаңалығы