СІМ «Консул-Көмек» Тelegram-ботын іске қосты

11 Наурыз 2021, 22:27
1469
Бөлісу:
СІМ «Консул-Көмек» Тelegram-ботын іске қосты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Сыртқы істер министрлігі «Консул-Көмек» Telegram-ботын іске қосты,деп хабарлады СІМ баспасөз қызметі.

Шет мемлекеттердегі азаматтарымыздың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің «Консул-Көмек» Telegram-боты әзірленіп, іске қосылды.

Негізгі мақсаты – шет елдердегі елшіліктеріміз бен консулдық мекемелеріміздің мемлекеттік қызметтерді көрсету бойынша ақпаратты тиімді форматта ұсыну және түсіндіру.

Мысалы, егер азаматымыз Қазақстан Республикасының шет елдегі өкілдігі арқылы баланың туу туралы куәлігін қалай алуды, некені тіркеуді немесе паспорт ресімдеудің тәртібін білмесе, онда осы бот арқылы мемлекеттік қызметті алу үшін қажетті құжаттардың тізбесі  мен мерзімдері жөнінде тиісті ақпаратты алуына болады.

Сондай-ақ, бот қызметтерді алу үшін Қазақстанның шет елдердегі өкілдіктеріне баруға алдын ала тапсырыс беруге мүмкіндік береді. Ол үшін ең жақын консулдық мекеме орналасқан мемлекет пен қаланы таңдап, байланыс мәліметтерін жазып алып, күні мен уақытын таңдау қажет. Содан кейін, аталған мекеменің консулдық қызметкері азаматымызға хабарлама арқылы бронь немесе өтінімін растайды немесе басқа бос уақытты ұсынады.

Бот консулдардың азаматтармен өзара іс-қимыл жасау сапасын жақсартуға және көрсетілетін қызметтер бойынша олардың хабардар болуына мүмкіндік береді.

Telegram мессенджеріндегі «Консул-Көмек» боты @konsul_kaz_bot сілтемесі бойынша қолжетімді.

Өзгелердің жаңалығы