Астана, BAQ.KZ тілшісі. 26 ақпанда Иерусалим қаласында Қазақстан мен Израиль сыртқы істер министрліктері арасында консультациялар өтеді. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров апта сайынғы брифинг барысында мәлімдеді.
«Іс-шарада Қазақстан делегациясын министрдің бірінші орынбасары Мұхтар Тлеуберді, ал Израиль тарапын Сыртқы істер министрлігі Бас директорының орынбасары Александр Бен Цви басқарады. Тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, сондай-ақ көпжақты дипломатия аспектілерін талқылайды. Саяси консультациялардың кезекті раунды Қазақстан мен Израильдің сыртқы саяси ведомстволары арасындағы үйлестіруді кеңейтуге және нығайтуға, сондай-ақ ынтымақтастықтың жаңа перспективалық бағыттарын айқындауға мүмкіндік береді», - деді ресми өкіл.
Израиль Қазақстан үшін озық агротехнологияларды, киберқауіпсіздікті және басқа да инновациялық зерттемелерді енгізу саласында сенімді серіктес болып табылады. Мемлекеттеріміздің арасында берік және сенімді қарым-қатынастар қалыптасқан.
«Қазақстан мен Израиль Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесі, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы, Дүниежүзілік сауда ұйымы, Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы және басқа да көпжақты құрылымдар шеңберінде өзара әрекеттесуге маңызды мән береді», - деді Айбек Смадияров.
Қазақстан Израильмен экономикалық байланыстарды дамытуға маңызды назар аударатынын атап өту қажет. 2018 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымының жалпы көлемі 461 млн АҚШ долларын құрады. Соның ішінде, Қазақстаннан экспорт көлемі 398 млн, ал Израильден импорт 63,1 млн долларын құрады.
Айта кетейік, Қазақстан делегациясы Абу-Даби қаласында өтетін Ислам ынтымақтастығы ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің 46-шы сессиясына қатысады.
Рахиля Бекназарқызы