СІМ есірткі заттары жөніндегі комиссияның шешіміне түсініктеме берді 

7 Желтоқсан 2020, 21:16
1540
Бөлісу:
СІМ есірткі заттары жөніндегі комиссияның шешіміне түсініктеме берді 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. БҰҰ шеңберінде каннабисті заңдастыру туралы таратылған ақпаратқа байланысты СІМ баспасөз қызметі арнайы мәлімдеме жасады.

2020 жылдың 2 желтоқсанында БҰҰ-ның Есірткі заттары жөніндегі комиссиясының (ЕЗК) дауыс беру нәтижелері бойынша каннабис пен оның шайырларын 1961 жылғы Есірткі заттары жөніндегі бірыңғай конвенцияның «IV Тізімінен» шығару туралы шешім қабылданды. Бұл тізім ерекше қауіпті қасиеттері бар есірткілік заттарға бақылау шараларын реттейді.

Осы тізімге өзгертулер енгізуді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары ұсынған болатын. Еуроодақтың елдері мен АҚШ-ты қоса алғанда ЕЗК-ның 53 мүшесінің 27-сі бұл ұсынысты қолдап дауыс берді. Қазақстанның делегациясы ЕЗК-ның басқа 24 мүше мемлекеті сияқты (Бразилия, Мысыр, Қытай, Ресей, Жапония және т.б.) қарсы дауыс берді.

«IV Тізімінен» шығарылғанына қарамастан, каннабис 1961 жылғы Конвенцияның «І Тізіміне» сәйкес есірткі заты болып қала береді, яғни ол осы Конвенцияның негізінде алдағы уақытта да бақылаудың барлық түрлеріне жатқызылады.Осылайша, БҰҰ шеңберінде каннабисті заңдастыру бойынша мәселе қарастырылған жоқ. Осыған байланысты ЕЗК отырысына қатысушылар бұл шешім каннабиске қарсы халықаралық бақылаудың әлсіреуіне әкелмейтінін, ол бұрынғыдай халықтың денсаулығына үлкен қауіп төндіретінін атап өтті. Бұдан бөлек, Конвенцияның 39-бабына сәйкес, мемлекеттер осы Конвенцияда көзделмеген басқа да есірткімен күресудің қатаң шараларын қолдануға құқылы, - делінген таратылған ақпаратта.

Сондықтан Қазақстанда және халықаралық конвенцияларға қатысушы көптеген басқа елдерде білім беру және ғылыми мақсаттардан тыс каннабис пен одан әзірленетін заттардың айналымына, сондай-ақ құрамында есірткі бар дәрілерді өндіруге қатаң тыйым салынған. Марихуана, гашиш және каннабистен әзірленетін заттардың халықтың денсаулығы мен әл-ауқатына, әсіресе балалар мен жастардың денсаулығына үлкен қауіп төндіретінін ескере отырып, Қазақстан каннабиске қарсы шараларды өзгертуге ойластырылған көзқарас ұстануды жалғастырады және осы мәселе бойынша халықаралық қоғамдастықпен тығыз байланыста жұмыс істей береді.




Өзгелердің жаңалығы