СІМ-де Орталық Азиядағы есірткімен күрес мәселесі талқыланды

14 Қараша 2020, 19:25
1521
Бөлісу:
СІМ-де Орталық Азиядағы есірткімен күрес мәселесі талқыланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев Есірткі құралдарының, психотроптық заттардың және олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығының (ОАӨАҮО) жаңадан тағайындалған директоры Рустам Азиз Мирализоданы қабылдады. 

Келіссөздер барысында тараптар өңірде есірткі қауіп-қатерлеріне қарсы тұру саласындағы Орталық қызметінің және қатысушы мемлекеттер арасындағы өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін талқылады, деп хабарлады СІМ баспасөз қызметі.

Е.Ашықбаев ОАӨАҮО ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен Алматы қаласында құрылғанын, сондай-ақ қатысушы мемлекеттер құқық қорғау органдарының есірткіге қарсы іс-әрекеттерін үйлестіру және оған ақпараттық сүйемелдеуде бірегей рөлін атқарып жатқанын атап өтті. 

Қазақстан Орталықтың тиімді қызметін қолдайды және оның нормативтік-құқықтық базасын нығайту жолында қол жеткізілген жетістіктерді, халықаралық серіктестер тарапынан онымен ынтымақтастық дамытуға деген қызығушылықтың артып жатқанын құптайды, - деп мәлімдеді ол.

ОАӨАҮО директоры Орталықтың қызметіне дәйекті түрде қолдау көрсетіп жатқаны үшін Қазақстанға ризашылығын білдіріп, 2020 жылғы қараша айының соңына жоспарланған ОАӨАҮО Ұлттық үйлестірушілер кеңесінің кезекті отырысына дайындық барысы туралы хабарлады. Кездесуге ҚР Ішкі істер министрлігі және Біріккен Ұлттар Ұйымы Есірткі және қылмыс басқармасының Қазақстандағы бағдарламалық кеңесінің өкілдері де қатысты.

ОАӨАҮО – 2009 жылы БҰҰ және оның Есірткі және қылмыс басқармасының белсенді қолдауымен Алматы қаласында құрылған халықаралық ұйым болып табылады. Қатысушы мемлекеттер – Қазақстан және басқа да Орталық Азия елдері, Әзербайжан және Ресей. 15-тен астам мемлекеттер және халықаралық ұйымдар ОАӨАҮО жанындағы байқаушы мәртебесіне ие. Қатысушы мемлекеттер құзыретті органдарының трансұлттық есірткі қылмысына қарсы тұру саласындағы іс-әрекеттерін үйлестіру ОАӨАҮО қызметінің негізгі мақсаты болып табылады.

Өзгелердің жаңалығы