Қазақстан азаматтарының шетелде адам саудасының құрбанына айналу деректері әлі де кездеседі. Әсіресе Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде жоғары жалақы уәде еткен жалған жұмыс ұсыныстарына алданып, еңбек қанауына немесе қылмыстық әрекеттерге мәжбүр болған қазақстандықтар бар. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін Сыртқы істер министрлігі халықаралық ұйымдармен бірлесіп жұмысты күшейтіп келеді. Бұл туралы СІМ-нің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Станислав Василенко айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгінде министрлік адам саудасының құрбандарын анықтау мен оларға көмек көрсетудің жаңа тетіктерін енгізіп жатыр. Соның бірі – ЕҚЫҰ-мен бірлесіп әзірленген арнайы алгоритм. Ол шетелдегі дипломатиялық өкілдіктерге адам саудасының құрбандарын дер кезінде анықтап, қауіпсіз жерге орналастыруға, қажетті көмек көрсетіп, елге қайтаруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар тәуекелі жоғары елдерде жұмыс істейтін қазақстандық дипломаттар мен консулдық қызметкерлер үшін арнайы оқыту семинарлары өткізіліп жатыр.
ЕҚЫҰ-мен бірлесіп шетелдегі мекемелерімізге арналған арнайы алгоритм әзірледік. Соның негізінде консулдық қызметкерлерге, әсіресе тәуекелі жоғары елдерде жұмыс істейтін дипломаттарға арнайы оқыту семинарлары өткізіліп жатыр, - деді Станислав Василенко.
Бұл жұмыстар нақты нәтиже де беріп отыр. СІМ мәліметінше, 2022-2025 жылдары Мьянмадан 49 қазақстандық елге қайтарылған. Оның 20-сы өткен жылдың өзінде босатылған. Ал биыл мамырға дейін тағы бес азамат Қазақстанға жеткізілді.
Мьянмада Қазақстанның елшілігі жоқ болғандықтан, барлық үйлестіру жұмыстарын Таиландтағы Қазақстан елшілігі жүргізеді. Олар жергілікті билікпен, халықаралық ұйымдармен және гуманитарлық құрылымдармен бірге азаматтарды құтқару және елге қайтару жұмыстарын ұйымдастырады.
Сонымен бірге Қазақстанның Вьетнамдағы елшілігі Камбоджа мен Лаоста қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмек көрсеткен. Қазақстан дипломаттары мұндай жағдайда қалған Қырғызстан мен Тәжікстан азаматтарын босатуға да қолдау білдірген.
Соңғы жылдары Мьянмадан ондаған қазақстандықты елге қайтардық. Сонымен қатар Қырғызстан мен Тәжікстан азаматтарын босатуға да көмектестік. Вьетнамдағы елшілігіміз арқылы Камбоджа мен Лаоста жүрген қазақстандықтарға да қолдау көрсетілді, - деді ол.
Қазақстан халықаралық деңгейде де жаңа бастамаларды көтеріп келеді. Биыл БҰҰ-ның Қылмыстың алдын алу және қылмыстық сот төрелігі жөніндегі комиссиясында еліміз Беларусьпен бірлесіп адамдарды қылмыстық әрекет жасауға мәжбүрлеу мақсатындағы адам саудасына қарсы күрес туралы қарардың қабылдануына бастамашы болды. Бұл құжат мұндай адамдарды алдымен құқық бұзушы емес, адам саудасының құрбаны ретінде тануға бағытталған.
Сыртқы істер министрлігі профилактикалық жұмыстардың да күшейгенін айтады.
Біз профилактикалық жұмыстарды күшейтіп жатырмыз. Соның нәтижесінде Мьянмадағы еңбек қанауына тартылған қазақстандықтардың саны өткен жылдармен салыстырғанда азайды. Бұл – азаматтардың ақпараттануы мен мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысының нәтижесі, - деді Станислав Василенко.
Тағы оқи отырыңыз: Қазақстанда адам саудасына қатысты 80 қылмыс тіркелді: Екі ұйымдасқан топ әшкереленді