ПІБ Медорталығы басшысының орынбасары сібір жарасынан сақтану жолдарын түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Соңғы апта ішінде еліміздің кейбір өңірлерінде сібір жарасы таралып, Ақмола облысында карантин жариялғаны белгілі. ПІБ Медорталығы басшысының орынбасары Людмила Бюрабекова осы қатерлі дерттің белгілері, сақтану жолдары жайлы түсіндірді.
Сібір жарасы – адам мен жануарлар үшін аса қауіпті инфекция. Ауру көбінесе теріге әсер етеді, кейде ішкі органдарды да зақымдайды.
Оның бактерияларының негізгі ошағы - топырақ, бактерияның қоздырғышы топырақта 70 жылдан астам уақыт сақталып, шөп арқылы ауылшаруашылық жануарларына жұғуы мүмкін.
Сібір жарасы адамға ауру малдың еті және ет өнімдері, қан, сүйегі, терісі, жүні арқылы жұғады. Сондай-ақ су, топырақ, көң, сібір жарасының спораларымен ластанған өндірістік үй-жайлардағы ауа да инфекция жұқтыратын фактор болуы әбден мүмкін, - дейді ПІБ Медорталығы басшысының орынбасары Людмила Бюрабекова.
Оның айтуынша, қоздырғыш адамның терісіне және сыдырылған жерлерге түсіп, сібір жарасын тудырады. Инфекция ластанған өнімді тікелей тұтыну (ішек формасы) немесе микробтармен ластанған ауамен демалу (өкпе түрі) кезінде жұғуы мүмкін.
Адамдарда клиникалық белгілері жұқтырған сәттен бастап бірнеше сағат немесе 4-7 күн ішінде басталады. Дене температурасы 39-40 градусқа дейін күрт жоғарылайды, денесінде жараға және карбункулға айналатын қышыма, дақ пайда болады. Инфекцияның алғашқы белгілері пайда болған кезде өз бетінше емделуге болмайды, дереу жақын жердегі медициналық мекемеге медициналық көмекке жүгіну керек. Дәрігердің көмегімен бұл аурудан әдетте толық емделіп шығуға болады, - дейді Бюрабекова.
Сібір жарасының инфекциясының алдын алу шаралары:
- мал бағу және мал өнімдерін тұтыну кезінде жеке бас гигиенасы ережелерін сақтау;
- жануарлардың өлекселерін өз бетінше жоюға болмайды;
- сібір жарасынан өлген малдың өлекселерін өртеп, олардан алынған азық-түлік өнімдерін жою қажет;
- малдардың ауруға шалдығуы, мәжбүрлеп союы немесе өлу жағдайы туралы ветеринарияға хабарлау, вакцинациядан кейін 14 күннен өткен соң ғана (!) сою;
- арнайы ветеринариялық бақылаудан өтпеген және сатуға тиісті рұқсаты жоқ өнімдерді өнімдерді кездейсоқ адамдардан сатып алмау керек;
- Ауру жануарлармен немесе адамдармен байланыста болған адамдар 2 апта бойы белсенді медициналық бақылауда алынады.