ШЫҰ: Соңғы саммит қайда өтті, Астанада қалай жалғаспақ?

3 Шілде 2024, 11:54
349
Бөлісу:
ШЫҰ: Соңғы саммит қайда өтті, Астанада қалай жалғаспақ?
Фото: BAQ.KZ

4 шілде Астанада Қазақстан төрағалығымен Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) XXIV саммиті өтеді. Бұл жиын – тура бір жыл бұрын өткен қауымдастыққа мүше мемлекет басшылары кеңесінің заңды жалғасы. Осыған орай, ШЫҰ соңғы саммиті қайда өтіп, онда қандай шешімдер қабылданғаны жөнінде BAQ.KZ тілшісі шолуынан оқи аласыздар.

ШЫҰ-ның соңғы саммиті қайда өтті?

Шанхай ынтымақтастық ұйымының XXIII саммиті 2023 жылдың 4 шілдесінде Нью-Делиде өтті. Онда Үндістанның Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі қорытындыланды. Былтырғы ШЫҰ саммиті ерекшелігі туралы Қоғамдық саясат институтының аға сарапшысы Жансая Нұралиева айтты.

Нью-Делидегі саммиттің ерекшелігі – онлайн режимде өтуі. Саммиттің қорытынды құжаты ретінде Нью-Дели декларациясы қабылданды. Ол жерде аймақтық қауіпсіздік, экономиканы дамыту және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты қамтамасыз ету туралы басқа да құжаттар қабылданған. Мысалы, ШЫҰ елдерінің 2035 жылға дейінгі көпжақты экономикалық ынтымақтастығының жаңартылған бағдарламасы, азық-түлік қауіпсіздігі туралы бағдарлама және ұлттық валютада өзара есеп айырысу жөніндегі жол картасы. Саммиттің тағы бір ерекшелігі – Иран мемлекетінің Шанхай ынтымақтастық ұйымының толыққанды мүшесі болуы. Яғни ұйымның шекарасы тағы да бір елге кеңіді деген сөз, - деді сарапшы.

Айта кетейік, бейнеконференция форматында өткен былтырғы саммитте Қасым-Жомарт Тоқаев Иран Ислам Республикасының Президенті Ибрахим Раисиді ШЫҰ-ға толыққанды мүше мемлекет мәртебесін иеленуімен құттықтаған еді.

ШЫҰ: Соңғы саммит қайда өтті, Астанада қалай жалғаспақ?

Нью-Делиде басталып, Астанада жалғасады

Саясаттанушы Нұргелді Әбдіғаниұлы Шанхай ынтымақтастық ұйымының былтырғы Нью-Делиде өткен саммитінде басталып, биылғы Астана саммитінде жалғасын табатын мәселелерін атады.

2023 жылы Нью-Делиде өткен саммит кезінде ШЫҰ-ның 2030 жылға арналған экономикалық даму туралы стратегиялық құжатына қол қойылмаған еді. Әсіресе сол саммитті өткізіп жатқан Үндістанның өзі құжатқа қол қоймай қойған. Өйткені құжаттың мәтіні тым ауқымды және онда кейбір саяси мәселелер бар, Қытай тарапынан енгізілген риторикалар бар. Сол себепті ол құжатқа қол қойылмаған. Астана саммиті кезінде ШЫҰ-ның 2030 жылға арналған экономикалық даму бағдарламасы концепциясы қабылданады деп күтілуде, - деді ол.

Сондай-ақ сарапшы биыл Беларусь Республикасының статусы өзгергенін айтты.

Нью-Делиде өткен саммит кезінде Беларусь бақылаушы мемлекет статусында бола тұрып ШЫҰ-ға қосылуға ресми түрде өтініш беретінін айтқан. Ал осы Астана саммитінде Беларусь ШЫҰ толыққанды мүшесі болмақ, - деді Әбдіғаниұлы.

Астанадағы саммиттің маңызы неде?

2023 жылдың 4 шілдесінде Нью-Делиде өткен саммитте төрағалық біздің елге беріліп, 2023 жылдың 5 шілдесінен Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) төрағалық етіп келеді. Саясаттанушы Нұргелді Әбдіғаниұлы бұл еліміздің төртінші төрағалығы екенін айтты.

ШЫҰ: Соңғы саммит қайда өтті, Астанада қалай жалғаспақ?

Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан 

Қазақстан ШЫҰ құрылғалы бері ұйымға төртінші мәрте төрағалық етті. Ол – 2004, 2010, 2016 жылдар және 2023 жылдың шілдесінен бүгінге дейінгі бір жыл, - деді ол.

Ол сонымен қатар Шанхай ынтымақтастық ұйымының әлемдегі орнын айшықтап өтті.

Қазіргі таңда ШЫҰ Еуразия кеңістігінде ғана емес, жаһандық саясаттағы алып күшке ие болды. Сонау 96 жылдан алғышарттары жасалып, 2001 жылдан бастап ресми құрылған ШЫҰ әлемнің жарты халқының басын құрайтын мемлекеттердің одағына айналды. Өйткені ұйымға мүше мемлекеттердің жалпы халық саны жер бетіндегі халықтың 45 пайызын құрайды. Яғни 3,5 млрд-қа жуық адамның басын құрап отыр. Бұл дегеніміз әлемдік сауданың 15 пайызы, әлемдік жалпы ішкі өнімнің төрттен бір бөлігін құрайтын көлем деген сөз. Үлкен нарық, - деді Әбдіғаниұлы.

Саясаттанушы Астанадағы саммиттің ерекшелігі әрі маңызы ШЫҰ-ның құрамында болмаған мемлекеттердің де саммитке қызығушылық танытуы екенін айтты.

Астанадағы саммиттің маңызы сол осы жолғы саммитке Шанхай ынтымақтастық ұйымына ешқандай қатысы жоқ мемлекеттер де арнайы келіп қатысып жатыр. Бұл дегеніміз – Әзербайжан, Түркіменстан, Түркия. Яғни бұл Қазақстанның жаһандық саясаттағы беделінің бар екенін көрсетеді. Өйткені дәл осы ШЫҰ саммитіне БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш мырза арнайы келе жатыр. Ол Қазақстанға соңғы рет осыдан жеті жыл бұрын келген, - деді саясаттанушы.

Өзгелердің жаңалығы