Қытайдың Сыртқы істер министрі Ван И "Екі сессия" аясында өткізілген брифингте ШЫҰ-ның келесі саммиті күзде өтетінін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қытай СІМ мәлімдемесіне сәйкес, биыл Қытай Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалық етеді.
ШЫҰ Қытайда құрылып, Шанхай қаласының құрметіне аталғандықтан, бұл ұйым біз үшін ерекше символдық маңызға ие. Сондықтан ШЫҰ-ның өз отанына қайта оралуы бізді ерекше қуантады. Қытай төрағалығы аясында “Шанхай рухын ілгерілету: ШЫҰ іс жүзінде” ұранымен саясат, қауіпсіздік, экономика және мәдени-гуманитарлық байланыстар салаларында 100-ден астам іс-шара өткізіледі. Қытайдың белсенді әрекеті “Шанхай рухының” жарқырауына ықпал етіп, ШЫҰ дамуына қуатты серпін береді, - деді министр.
Оның айтуына қарағанда, ШЫҰ саммиті биыл күзде өткізілмек.
Биылғы күзде Тяньцзинь қаласында, Хайхэ өзенінің жағасында, ШЫҰ-ның кезекті саммиті өтеді. Онда ұйымға мүше мемлекеттердің көшбасшылары жинақталған тәжірибені қорытындылап, алдағы жоспарларды айқындайды, ынтымақтастықтың ортақ қағидаттарын бекітеді. Бұл ШЫҰ-ның болашақ дамуына жаңа серпін беріп, ұйымның ортақ тағдыр қауымдастығын қалыптастыру жолындағы күш-жігерін нығайтуға мүмкіндік береді, - деп айтты Ван И.
Еске сала кетейік, Қазақстан 2023 жылғы 5 шілдеден 2024 жылғы 5 шілдеге дейін Шанхай ынтымақтастық ұйымының қызметіне төралық еткен болатын. 2024 жылы Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өтіп, Қазақстанның төрағалығы Қытайға ауысқан болатын.