ШЫҰ Еуразиялық ұйымға айналды – сарапшы

4 Шілде 2024, 10:37
348
Бөлісу:
ШЫҰ Еуразиялық ұйымға айналды – сарапшы
VIDEO
Фото: Артём Чурсинов

Мұндай пікірді саяси сарапшы Ерлан Ахмеди айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

ШЫҰ Еуразиялық ұйымға айналды. Бір жылдың ішінде қауіпсіздікке, энергетика, мәдени-гуманитарлық, цифрландыру мәселелеріне қатысты нақты іс-шаралар ұйымдастырылған болатын. Ең бастысы ШЫҰ аясында үш зұлымдықпен күрес, яғни экстремизм, сепаратизм және терроризм. Тарихқа көз жүгіртетін болсақ, ШЫҰ қауіпсізідк негізінде құрылған. Яғни “Шанхай бестігі” - Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Қытай және Тәжікстан мемлекеттері посткеңестік кеңістіктегі мемлекеттердің Қытаймен шекара мәселесі бойынша құрылған еді, - деді саяси сарапшы.

Сөзінше, кейін 2001 жылы “Шанхай бестігі” ұйым ретінде құрылған. Бүгін ол “Шанхай ондығы” болайын деп жатыр. Ұйымға Беларусь мемлекеті қосылмақ.

Биыл ұйымның аясында Экология жылы деп жарияланған болатын. Осы мәселе өте көкейкесті. Қазақстанда “Таза Қазақстан” акциясы ұйымдастырылды. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттерде де осыған ұқсас әртүрлі іс-шаралар, акциялар, жиындар өтті. Саммиттің тағы бір ерекшелігі – ШЫҰ мемлекеттері ғана емес, сонымен қатар ШЫҰ+ форматында түркі және араб мемлекеттерінің басшылары қатысады, - деп түсіндірді Ерлан Ахмеди.

Сарапшының айтуынша, былтыр Самарқандтағы саммитте Түркия басшысы осы ұйымға қосылуға ниетті екенін білдірген. Сонымен қатар Моңғолия бақылаушы. Моңғолия да болашақта ұйымға енуі мүмкін.

Үлкен Еуразиялық ұйымға айналған ШЫҰ-ға қызығушылық өте жоғары. Бұрындары тек Азиялық мемлекеттер қосылған ұйым ретінде қабылданса, енді қазір үлкен континенталды Еуразиялық ұйымға айналып отыр. Қазіргі күні ШЫҰ-ның жұмысы, жоспары кеңейіп келеді. Дәлірек айтқанда, тек қауіпсіздік емес, экономикалық мәселелер де көтеріліп келеді. Мысалы, Қазақстан 2030 жылға дейін инвестициялық қор құру туралы ұсыныс айтқан болатын, - деп қосты ол.

Сарапшы қазір Қытайдың ұсынысымен “Бір белдеу, бір жол” бастамасы іске асырылып жатыр. Ерлан Ахмеди бұл – үлкен экономикалық жоба екенін атап өтті. 

Саммиттің қорытындысы бойынша саяси құжат – Астана декларациясы қабылданады. Бір жылдың ішінде қандай жұмыстар атқарылды, алдағы жоспарлар, әлемдегі геосаяси жағдай бойынша ұйымның ұстанымы құжатта қамтылады. Сонымен қатар экономика, мәдени-гуманитарлық, технологиялардың даму мәселелері де құжатта көрініс табады.

Өзгелердің жаңалығы