Шынар Үстембекова: Жолдау – бұл мемлекет пен қоғам дамуының стратегиялық жоспары

6 Қыркүйек 2021, 16:26
3010
Бөлісу:
Шынар Үстембекова: Жолдау – бұл мемлекет пен қоғам дамуының стратегиялық жоспары

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Нұр-Сұлтан қаласының «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ Кәсіподақ комитетінің төрағасы Шынар Үстембекова Президенттің халыққа Жолдауына қатысты пікірін білдірді. Оның сөзінше, Жолдауда үнемі айтылып жүрген мәселелер көтерілді.

Мемлекет басшысының кезекті Жолдауын қалың көпшілік, оның ішінде кәсіподақ мүшелері де қандай өзгеріс, жаңалықтар болады деп асыға күтері даусыз. Қазіргі күні азық-түліктен бастап, тұтыну заттары бірнеше есе қымбаттап кетті. Ал еңбекақы сол қалпында өзгеріссіз қалды. Бұл халықтың жанына қатты батқаны даусыз. Бұрын күнкөрісі төмен санаттағылар болса, бүгінде кәсіппен шұғылданып отырғандар да қиналып отыр. Сондықтан кезекті Жолдаудан жаңалық күттік, - деді ол.

Сондай-ақ Шынар Үстембекова жалақыны көтеру мәселесі үнемі көтеріліп келе жатқанын айтты.

Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат кәсіподағының Нұр-Сұлтан қаласындағы филиалының өкілдері еңбекақыны көтеру жөнінде үшжақты келісімшарттар бойынша салалық министрліктерге, ел Президентінен бастап, Үкіметке дейін айтудан жалыққан емес. Жолдау біздің күткенімізден де асып түсіп, барша қазақстандықты, оның ішінде мәдениет саласының қызметкерлерін де бір қуантып тастады, - деді маман.

Айтуынша, Президенттің Жолдауы - бұл мемлекет пен қоғам дамуының стратегиялық жоспары. Бұл жоспардан қоғамның әр мүшесі өзінің болашағына бағдар және міндеттеме алады.

Жолдаудың орындалуы бізге не береді деген сұраққа жауап іздесек, ол Президенттің 5 бастамасында айқын көрініп тұр. Олар - төменгі жалақының көтерілуі, бұрын 42 мың теңге болса, алда 60 мың теңге болады, салалық еңбекақылардың өсуі, 2022 жылға 20 пайыз, содан 2025 жылға дейін 20 пайыздан өсе береді, бұлардың арасында мәдениет пен спорт, туризм, ақпарат қызметкерлері де бар, олардың қатарында 600 мыңнан асатын адам бар. Зейнетақы қорынан қаржы қолдану мүмкіндігі, бұл арада қаржыны үй алуға, оқуға, дәрігерлік қаралуға қолдану екені даусыз. Тұрғын үй алу мен ауыл шаруашылығын дамыту мәселелері анық көрсетілді, - деп толықтырды Үстембекова.

Оның пікірінше, Жолдауды орындау үшін жауапкершілігі мол, отаншыл, елін, жерін сүйетін, денсаулығы мықты ұрпақ өсіру қажет.

Сондай-ақ қазақ тілін білетін мемлекетшіл ұрпақ тәрбиелеу қажет. Кезінде Мұхтар Әуезов атамыз «Ел боламын десең - бесігіңді түзе» деген. Халыққа Жолауында Президент те келешегін Қазақстанмен байланыстыратын барша ұлт өкілі Конституцияда анық көрсетілген мемлекеттік тіл - қазақ тілін білу керегін айтты, - деген пікір білдірді ол.

Өзгелердің жаңалығы