Шымкенттік полицейге Антикордың жалған қызметтік куәлігін көрсеткен

5 Маусым 2021, 16:00
3611
Бөлісу:
Шымкенттік полицейге Антикордың жалған қызметтік куәлігін көрсеткен
VIDEO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ Полицияның бейнежетонына жол ережесін бұзған жүргізушінің күзетшілерге жалған қызметтік куәлікті ұсынған сәтін жазылып қалды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.

2021 жылдың 2 маусымында Шымкент қаласы ПД Патрульдік полиция полкінің қызметкерлері Жібек жолы көшесінде қызмет атқару барысында сағат 18:40 шамасында Лада-21144 автокөлігінің жүргізушісін қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін тоқтатқан. Жүргізуші өзін Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкері ретінде таныстырып, ұялы телефонынан қызметтік куәлігінің сандық нұсқасын көрсетіп, полиция қызметкерлерінен әкімшілік хаттама толтырмауды сұраған.



Жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК 230-бабының 2-бөлігі (Қазақстан Республикасының міндетті сақтандыру туралы заңнамалық актісіне сәйкес міндетті сақтандыру шартын жасауға міндетті тұлғаның сақтандыру шартын жасаспауы) және ҚР ӘҚБтК 593-бабының 2-бөлігі (Қауіпсіздік белдігін пайдалану қағидаларын сақтамау) бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырылып, автокөлік айыппұл тұрағына қойылды.

2021 жылдың 3 маусымында аталған азамат толтырылған хаттамалар бойынша тиісті айыппұлдарды (14585 тг, 7292 тг) төлеп, автокөлігін айыптұрақтан шығарып алған. Сонымен қатар азаматтың көрінеу жалған құжатты пайдалану фактісі бойынша қазіргі уақытта Қылмыстық Кодексі 385-бабының 3-бөлігімен тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр, - делінген хабарламада.

Аталған баптың санкциясы 160 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, немесе 160 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, немесе 40 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу түріндегі жазаны көздейді.

Полицияның басты міндеттерінің бірі – жол қозғалысының барлық қатысушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Жүргізушілерге, жолаушыларға немесе жаяу жүргіншілерге қауіп төндіретін құқық бұзушылықтар анықталған жағдайда, оларды дереу жою қажет. Полицейдің ережелерді сақтау туралы талабына кез келген азамат бағынуы тиіс: лауазымы бар ма, жоқ па – маңызды емес. Себебі заң алдында бәрі тең, – деп атап өтті Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы Ералы Жумаханбетов.

Өзгелердің жаңалығы