Шымкенттік дәрігерлер шеге жұтып қойған шақалақты аман алып қалды

8 Қазан 2019, 13:06
2532
Бөлісу:
Шымкенттік дәрігерлер шеге жұтып қойған шақалақты аман алып қалды
Фото: автордан

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Шымкент қаласының дәрігерлері шеге жұтып қойған төрт айлық сәбиді құтқарып қалды. Дәрігерлер кездейсоқ жасалынған рентген түсірілімі кезінде нәрестенің асқазан тұсындағы темір затты анықтаған.

Шеге жұтып қойған баланың ата-анасы алғашында сәбидің буыны ауыраты жөнінде Шымкент қалалық клиникалық балалар ауруханасындағы дәрігерлерге шағымданып келген. Ауруханадағы ортопед мамандар ұршықтың рентгенін жасау барысында баланың асқазан-ішек жолындағы темір затты кездейсоқ анықтап, балаға ішек жолының тесілу қаупі төнгеннен кейін шұғыл түрде ота жасаған.

шеге.jpeg

Күрделі отаны Шымкент қалалық балалар ауруханасының білікті дәрігерлері, атап айтқанда Сұлтанғали Сарыбай, Амантаев Жақсылық, Құрманалиев Асанбай жасады. 

"Операция кезінде лапароскопиялық тәсілмен және электронды оптикалық рентген аппаратымен шегенің орналасқан аумағын айқындадық. Сосын асқазан тұсындағы бөгде затты хирургиялық жолмен алып шықтық. Жабық түрде жасалған отадан кейін баланың жағдайы жақсарып, балалар ауруханасында бір аптаға жуық ем қабылдап шықты", - дейді Шымкент қалалық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Сұлтанғалы Сарыбай.

Туыстарының айтуынша, бала шегені ойнап жүріп ауызына салып жіберген болуы мүмкін. Бірақ мұны ата-аналары бірден байқамаған. Білікті дәрігерлердің дер кезінде байқағанына баланың асқазан тұсында темір зат анықталып, оның өміріне төнген қауіп сейілді.

 


Өзгелердің жаңалығы