Шымкенттің Корей этномәдени бірлестігіне 30 жыл толды

6 Қазан 2019, 17:59
2831
Бөлісу:
Шымкенттің Корей этномәдени бірлестігіне 30 жыл толды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шымкентте Корей этномәдени бірлестігінің құрылғанына 30 жыл толды. Осыған орай Шымкент қаласындағы «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимаратында мерекелік шара өтті. Сонда корейлердің Қазақстанға келу тарихынан сыр шертетін көрме ұйымдастырылып, корей халқының ұлттық тағамдары, мәдениеті, салт-дәстүрі көпшілікке таныстырды.

Шымкенттің Корей этномәдени бірлестігіне 30 жыл толды

Шымкент қалалық корей этномәдени бірлестігінің төрайымы Роза Пак қиын-қыстау кезеңде барша этностарға пана болған қазақ еліне алғысын жеткізді.

«Қиын жылдар кезеңінде қазақ халқының біздің ата-бабаларымызды ыстық ықыласпен қарсы алғанын алғыс сезіммен еске аламыз. Қазақ халқының дархандығының арқасында өсіп-өндік. Бүгінде бірлігі жарасқан, болашағы зор мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Қазақстан - өз Отанымыз. Ортақ Отанымыздың көркеюі үшін аянбай еңбек ететін боламыз», - деді Роза Пак.

Жиында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға сүбелі үлес қосып жүреген бірқатар азаматтар қала әкімінің және қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен қалалық мәслихаттың алғыс хаттарымен марапатталды.

Мерекелік жиында Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Ғани Ташқарев, Шымкент қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов, "Nur Otan" партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының орынбасары Бахадыр Нарымбетов және Қазақстан корейлері ассоциациясының президенті Сергей Огай құттықтау сөз сөйлеп, елдегі этносаралық бірлікті нығайтудың маңызы туралы айтты.

Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратовтың айтуынша, Шымкент қалалық корей этномәдени бірлестігі өңірдегі 9 мыңнан астам корейдің басын біріктіріп отыр. Оның жанынан ардагерлер алқасы мен жастар қанаты, жексенбілік мектеп, «Моранбон» фольклорлық ансамблі жұмыс істейді.

«Бұл бірлестік ел бірлігін бекемдеу, тұрақтылықты сақтау бағытында атқарылған кешенді іс-шаралардың жанынан табылып, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жолында табысты жұмыс жасауда», - дейді Мұратәлі Қалмұратов.

Айта кетсек, 1937 жылы 100 мыңдаған корей столыпиндік вагондарға тиеліп, қазақ даласына күштеп жер аударылды. Бүгінде елімізде 100 мыңға жуық корей этносының өкілдері өмір сүреді. Бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысында корей этномәдени бірлестігі 1989 жылы құрылып, 1997 жылы «Қазақстан корейлері қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің филиалы ретінде қайта тіркелді.

Өзгелердің жаңалығы