Шымкентте жыл соңына дейін 368 отбасы баспаналы болады

30 Мамыр 2021, 06:40
1629
Бөлісу:
Шымкентте жыл соңына дейін 368 отбасы баспаналы болады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шымкент қаласында жыл соңына дейін 368 отбасы баспанамен қамтылады. Бұл туралы Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасының басшысы Азамат Рысжанов қала әкімдігінің әлеуметтік желідегі парақшасында өткен тікелей эфирде мәлімдеді.

Тікелей эфир кезінде А.Рысжанов тұрғын үйге мұқтаж азаматтар кезегінде тұрған азаматтарға мемлекеттік тұрғын үй қорынан жалдамалы пәтер белгіленген тәртіппен кезек ретімен берілетіндігін жеткізді. Сондай-ақ тұрғын үй кезегінің жылжуы толығымен автоматтандырылғандығын, оған ешқандай адами фактор әсер ете алмайтындығын атап өтті. Бұдан бөлек несиелік бағыттағы бағдарламаларға да тоқталды.

Шымкент қаласы республика бойынша тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатқан аймақтар қатарында. Ағымдағы жылы 976 отбасыны арендалық пәтермен қамту жоспарланған. Бүгінгі таңда құрылыс басқармасы тарапынан 696 пәтер пайдалануға тапсырылып, оның ішінде 300 пәтері жұмыс істейтін жастарға ағымдағы жылдың 1 тоқсанында табыс етілді. 308 пәтер бойынша тұрғын үй комиссияның шешімі қабылданып, жалдау шарттарын беру толығымен аяқталып, азаматтарға кезек реті бойынша берілді. Ал жыл соңына дейін 368 отбасы жалдамалы баспанаға қол жеткізеді, – деді А.Рысжанов.

Айта кету керек, Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй алу тізімінде 44 940 азамат тіркелген. Жыл басынан бері «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының несиелік бағыттары бойынша 1299 азамат өз баспанасына қол жеткізді. Оның 286-сы тұрғын үй кезегінде тіркелгендер.

Өзгелердің жаңалығы