Шымкентте жүкті келіншек жолда босанып қалды

2 Наурыз 2024, 00:26
634
Бөлісу:
Шымкентте жүкті келіншек жолда босанып қалды
Фото: BAQ.KZ архив

Шымкент көшелерінде қауіпсіздікті қамтамасыз етіп жүрген полицейлерге көлік жүргізушісі жүгінген. Ер адам әйелінің жолда толғағы қысып, ауруханаға жетпестен, көлікте босанғанын жеткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ішкі істер ведомствосының мәліметінше, патрульдік инспекторлар Нұралы Тәукеев пен Саят Керімбек жаңа туған нәресте мен оның анасын перинаталдық орталыққа тез арада жеткізді.

Офицерлер жедел әрекет етіп, сиреналарды қосып, көлікті сүйемелдеп алып жүру арқылы медициналық мекемеге кептеліссіз және барынша жылдам жеткізуге тырысқан.

Осылайша бірнеше минут ішінде ана мен бала дәрігерлерге тапсырылды. Бақытты әке өз кезегінде тәртіп сақшыларына уақытылы көмек көрсеткендері үшін шын жүректен алғысын білдірді. Жаңа туған сәби отбасының екінші ханшайымы екен. Қазіргі таңда ол анасы екеуі қалыпты жағдайда, - делінген ведомство хабарламасында.

Өзгелердің жаңалығы