Шымкентте «Жас Ұлан» мектебінің түлектеріне аттестат табысталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Биыл оқу ордасын 129 оқушы аяқтады. Ұландар дәстүрлі мектеп бағдарламасымен қатар, әскери қызметтің негізін үйреніп шықты. Түлектердің дені жоғары әскери оқу орындарына түсуді жоспарлап қойған. Болашақта отан қорғаушылар қатарына қосылуды көздейді. Аттестат алған түлектер салтанатты сап түзеп, дәстүр бойынша аспанға тиын лақтырды. Бұл болашақ әскери мансаптың мінсіз болуына ырымдап жасалатын рәсім.
Түлектеріміз осы аптада ғана қорытынды емтихандарын тапсырды. Ұлттық тестілеуден де сәтті өттік. 125 балл алған ұланымыз бар. Түлектердің 90 проценті алдағы уақытта қорғаныс министрлігіне тиесілі жоғары әскери оқу орындарына түсуді көздейді, - дейді С. Рақымов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің директоры Пернехан Орынбеков.