Шымкентте жаңа жыл түні екі мың полицей қауіпсіздікті қамтамасыз етеді, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Шымкент қаласы полиция департаментінің қызметкерлері мерекелік күндер кезінде құқықтық тәртіпті, азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ету, сондай-ақ құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу бойынша іс-шаралар кешенін күшейтілген қызмет түрінде жүргізеді. Халық көп шоғырланатын орындарда қоғамдық тәртіпті сақтауға қосымша автопатрульдер және жаяу нарядтар жұмылдырылған.
Бейнебақылау камералары арқылы жедел басқару орталығының инспекторлары көшелер мен қоғамдық орындардағы жағдайды мұқият бақылауда. Полиция азаматтарды мереке күндері қоғамдық тәртіпті қатаң сақтауға, құқық бұзушылықтарға жол бермеуге шақырады.