Жаңа автобустарды шағым көп түсетін бағыттарға шығарамыз – Мұхтар Қоқанбаев
Сұхбат
25 Сәуір 2021, 11:27 1044

Жаңа автобустарды шағым көп түсетін бағыттарға шығарамыз – Мұхтар Қоқанбаев

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Республикалық маңызы бар қала мәртебесіне ие Шымкент қаласын дамыту үшін бірнеше бағытта жұмыс атқарылып жатыр. Соның бірі – қоғамдық көлік саласы. Бұл салада қандай өзгерістер болатынын бұған дейін жазған едік. Сол жұмыстардың орындалу барысы қалай? Қазір Шымкенттің қоғамдық көлік қатынасын жаңарту-жақсарту мақсатында автобустарды қашан толықтай дерлік ауыстырады? Осы және тағы басқа сұрақтарымызға Шымкент қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мұхтар Қоқанбаев жауап берді.

Осы сәуір айында жолға шығады деп күтілген 440 автобус қашан пайдалануға берілмек?

– Әуел баста 440 емес, 590 автобус әкелінген болатын. Былтыр 1 желтоқсан – ҚР Тұңғыш президенті күніне орай 150 автобусты пайдалануға бердік. Қала орталығында негізгі 8 бағытта қызмет көрсетіп жатыр. №84, №74, №10, №92 деген сияқты бағыттарда қатынайды. Аталған 590 автобустың барлығы да газбен жүреді. Қалған 440 автобустың қолданысқа берілмеуі де осыған байланысты болып тұр. Бүгінгі таңда Шымкентте 1 газ құю бекеті бар. Сондықтан да инвестор есебінен газ құю бекетінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл үшін Шымкент қаласына 2 млн долларға жуық инвестиция құйылады. Инвестициядан бөлек әлеуметтік жағы да бар. Қоғамдық көліктерді газбен қамтамасыз етеді. Аталған газ құю бекетінің қуаттылығы шамамен 200 автобус болады. Инвестордың айтуынша, бекеттің құрылыс жұмысы сәуірдің соңына дейін аяқталады. Дегенмен де бұл жоғары қысымдағы газды пайдаланатын болған соң белгілі бір рәсімдері бар екен. Осы рәсімдер 2 апталық уақыт алады. Газ құю бекетіндегі құрылғыларды Оңтүстік Кореядан арнайы алдыртты. Мұның да тестілеу режиіме екі аптадай уақыт қажет. Сондықтан іске қосылу мамыр айына қалып тұр. Дегенмен біздің тараптан барынша жеделдету жұмыстары атқарылып жатыр.

Бұдан бөлек, жаңа автобустар жолға шыққан соң, олардың қай бағытта қатынайтынын анықтауымыз керек. Қазір көптеген шағынаудан тұрғындарынан арыз-шағымдар біздің басқармаға келіп түсіп жатады. Халық тарапынан көптеген наразылық туындайтын бағыттар бар. Бұған №20, №115, №14 бағыттар жатады. Шағымдардың басым бөлігі автобустың жиілік уақытты сақтамауы, шағын газелдерді үлкен қоғамдық көлікке алмастыру бойынша өтініштер түседі. Жаңа автобустарды шағым көп түсетін бағытқа қоюды бастаймыз.

Демалыс күндері қоғамдық көліктер қатынау жиілігі сақтала бермейді. Сирек қатынайды. Осыған байланысты тұрғындар шағымы толастар емес. Бұған не дейсіз?

– Мұның басты себебі сенбі-жексенбі күндері жолаушылар ағымы төмен болады. Мұны да ескерген жөн. Бұл ретте тасымалдаушылар халық сұранысын қанағаттандыру үшін тасымалды жүргізеді, бірақ жиілікті азайтады. Иә, тұрғындар демалыс күндері қоғамдық көлікті 40 минуттай күтіп қалатын кездері бар. Дегенмен мынаны да айта кетейін, әлеуметтік маңызы бар 36 маршрут болса, сол 36 маршрут бойынша бізге шағым түспейді. Келешекте кешенді схема шеңберінде әзірленген 78 бағыттың барлығын «әлеуметтік мәні бар» деп танып, субсидиялау жоспарымыз бар. Бірақ біз жолаушылардың кез келген шағымын ескеріп отырамыз.

Автобустардың жылдамдықты асыруы немесе жарысуы бойынша да шағым толастамайды. Бұған әлеуметтік желіге тарап жатқан түрлі видеолар дәлел. Соны реттеп-түзету үшін қандай жоспар бар?

– Иә, жүргізушілер мәдениетіне қатысты шағым тұрақты келіп түседі. Осыған байланысты қаламызда жүргізушілерді қайта даярлау орталығы жұмысын бастаған. Аталған орталықпен тасымалдаушы компаниялар келісімшартқа қол қойды. Қазір жүргізушілерді оқыту басталды. Осы бағыт бойынша компания басшыларымен апта сайын жиналыс өткізіп тұрамыз. Жиналыс барысында бұл тақырып та үнемі қозғалып, мұндай жағдайға жол бермеу жолдары айтылып тұрады.

i-Kolik жобасы қашан іске қосылады? TOLEM мобайл қосымшасы қандай қызмет көрсетеді?

– Android платформасына арналған нұсқасы дайын. Play Store дүкеніне жүктеп алуға болады. Әлеуметтік мәні бар маршруттарда қызмет көрсететін компаниялардың автобустарының қай жерде келе жатқанын көруге болады. Бұл дегеніміз – көлікке мониторинг жасау. Енді TOLEM мобайл қосымшасына келер болсақ, адамдар картасын үйде ұмытып кеткен жағдайда тиімді болмақ. Қазір басқа затты ұмытсақ та телефонды ұмытпаймыз. Бұл картаны телефонға жүктеп алған сияқты мобилді қосымша болмақ. Яғни сіз qr-код арқылы жол ақысын төлей аласыз. Бұл жоба да іске қосылды. Сондықтан телефондарыңызға жүктеп аласыз.

Электронды төлем жүйесінде қандай мәселелер бар?

– Қазір студенттер мен оқушылар картасына қатысты шағым көп. Мұның себебі – бүгінгі таңда картасы жоқ азаматтар мейлі студент болсын, мейлі оқушы болсын, картасы болмаса 100 теңге төлеп жүр. Енді студенттер мен оқушыларға қажет картаны алу үшін бірнеше рет уақыт создық. Алайда жолаушылар уақыт бір айға созылса 27 күн бойы карта алуға келмейді де соңғы үш күнде кезекте тұрған адамнан аяқ алып жүре алмай қаласыз. Бұл жағдай бірнеше рет қайталанған соң, картасы жоқтар 100 теңге төлейді деген шешім шығып кетті. Осы тұста бір нәрсені айтқым келеді. Бізде SMS төлем жүйесі бар. Бұл жерде сіз кім болсаңыз да белгілі бір мобайл оператордың абоненттері үшін SMS арқылы төлесеңіз, 50 пайыз жеңілдік қаралған. Сіз 35 теңге төлеп кете бересіз.

Картаны бірнеше ай бойына ала алмай жүрген тұрғындар да бар. Алуға барса «ертең кел» деп қайтарып жібереді екен. Салдарынан әлі карта ала алмай жүрміз дейді олар. Мұндай жағдайда не істеу керек?

– Біздің басқармаға келіп, шағым түсіруге кеңес беремін. Шағым түскен жағдайда сол шағым бойынша жұмыс істейміз. Тұрғындар инстаграмдағы @transport.shym парақшасына шағым қалдырса да болады.




Фото: дереккөз
Загрузка...