Шымкентте ҰҚҚКБ қылмыстық топтар арасындағы қарулы төбелестің алдын алды

2 Ақпан 2023, 09:24
1156
Бөлісу:
Шымкентте ҰҚҚКБ қылмыстық топтар арасындағы қарулы төбелестің алдын алды
Фото: polisia.kz

Шымкентте ҰҚҚКБ қылмыстық топтар арасындағы қарулы төбелестің алдын алды, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.  

Қалалық прокуратураның қатысуымен жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Шымкент қаласы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері  қала аумағындағы бірнеше мекенжайда күдіктілерді ұстау жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде полицияға 25-38 жас аралығындағы 10 адам жеткізілді. Олардың үшеуі сот шешімімен қамалды, екеуі үйқамаққа алынды. Қалғандарының рөлі сотқа дейінгі тергеу барысында анықталады. 

Олардан заттай дәлелдемелер ретінде Макаров және ТТ тапаншалары, 4 травматикалық тапанша, АК-103 автоматы, 12 калибрлі МЦ 21-12 өздігінен оқталатын мылтығы  және 410 калибрлі  өздігінен оқталатын Сайга-410 карабині, 16 калибрлі қос ауызды тегіс ұңғылы ТОЗ мылтығы, сондай-ақ әртүрлі калибрлі 93 оқ-дәрі тәркіленді.

Шымкентте ҰҚҚКБ қылмыстық топтар арасындағы қарулы төбелестің алдын алды

Тергеушілер сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында осы жылдың қаңтар айының басында бір топ адам  жергілікті тұрғынды ұрлап, қала сыртына алып кеткенін анықтады. Олар оны ұрып-соғып, пневматикалық қарумен жаралаған. Ер адам заңды түрде полицияға жүгінудің орнына, қылмыскерлерден кек алу мақсатында өзінің таныстарын қаруландырып, қару-жарақ ала бастаған. 

Бірақ полицияның кәсіби және жедел әрекетінің арқасында адам шығынына әкеп соғуы мүмкін қарулы қақтығысты тоқтату мүмкін болды. 

Қазіргі таңда аталған дерекке қатысты Шымкент қаласы ПД-ның тергеу басқармасы ҚК-нің 287-бабы 4-бөлігі  (Адамдар тобының атыс қаруы мен оқ-дәрілерді заңсыз сатып алуы, сақтауы, алып жүруі немесе тасымалдауы) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.

Өзгелердің жаңалығы