Шымкентте су деңгейі төмендеп кетті

8 Сәуір 2022, 10:01
1423
Бөлісу:
Шымкентте су деңгейі төмендеп кетті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мұны «Қазселденқорғау» мекемесінің мамандары қыста қар аз түсіп, жауын-шашынның болмауымен байланыстырады, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Қазір өңірдегі Бадам су қоймасының толымдылығы – 83, Тоғыс – 14, Текесу – 50, ал Ақжар су реттегішіндегі су көлемі 65 процентті құрайды. Мамандар күн сайын су айдындарындағы жағдайды бақылап, судың көлемін өлшейді. 

Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары су қоймаларындағы жағдайды әлі де қанағаттанарлық деп бағалап отыр. Алайда бұл бірнеше жыл қатарынан ағын судан таршылық көріп келе жатқан диқандар қауымын алаңдатып отыр. Дегенмен мамандар сәуір-мамыр айларында жауын-шашын болуы мүмкін екенін айтады. 

Наурызда жаңбыр көп болғандықтан Бадам өзенінде су деңгей 12 текше метрге дейін көтерілді. Қазіргі таңда Бадам өзенінде су 8 текше метр су ағып жатыр. Себебі жаңбыр тоқтап, сай-саладағы қар ерімегендіктен судың деңгейі түсіп жатыр. Ауа райының күрт өзгеруіне және күннің ысуына байланысты маусым, шілде, тамыз айларында сел жүруі мүмкін. Қарлардың еруіне байланысты, – деді «Қазселденқорғау» ММ филиалының бөлім басшысы Марат Өсербаев.

Өзгелердің жаңалығы