Шымкентте смартфон ұрлап, түскен ақшаны ішімдікке жұмсаған рецидивист ұсталды, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz сілтеме жасап.
Әл-Фараби АПБ-ның “102” арнасына сауда орталығында орналасқан дүкендердің бірінің сатушысы арызданды. Жас қыздың айтуынша, оның жұмыс орнында қуаттағышта тұрған iPhone телефоны ұрланған.
Тергеушілер арызды ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеді. Тәртіп сақшылары бейнекамера жазбаларын тексеріп, күдіктінің жеке басын анықтады. Ол бұрын ұрлық, тонау және есірткі қылмысы үшін бірнеше рет сотталған қала тұрғыны болып шықты.
Ер адамды жедел уәкілдер күндіз қала аумағында ұстады. Ол жарты миллион теңге тұратын гаджетті 30 мың теңгеге сатып, ақшасын ішімдікке жұмсағаны белгілі болды.
Қазіргі таңда, анықтаушылар аталған жайт бойынша тергеу амалдарын жүргізуде, содан соң іс айыптау актісімен бірге сотқа жолданады.
Тәртіп сақшылары қарапайым қауіпсіздік шараларын естен шығармау қымбат смартфондарды ұрлықтан сақтауға көмектесетінін айтады. Телефонды қолжетімді жерде қараусыз қалдырмауды ескертеді. Гаджет сатып алғанда, құжаттарды сақтап қойыңыз. Телефон ұрланған болса дереу полицияға хабарласыңыздар.