Шымкентте шомылу маусымында тек 3 орынға ғана рұқсат берілді

16 Сәуір 2023, 07:10
1549
Бөлісу:
Шымкентте шомылу маусымында тек 3 орынға ғана рұқсат берілді
Фото: otyrar.kz

Биыл суда жаппай демалу, туризм және спорт үшін қала аумағында 5 орын бекітілген. Ал оның тек үшеуінде ғана суға түсуге рұқсат етілген, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазіргі таңда қала әкімінің қаулысымен суда жаппай демалу, туризм және спорт үшін қала аумағында 5 ресми орын бекітілген. Оның ішінде 3 орында шомылуға рұқсат етілген. Олар: Бадам су қоймасындағы Рахат-Бадам, Тоғыс су қоймасындағы «Холодильник» демалыс орны, сонымен қатар, Қошқар Ата өзенінің бастауы. Қала аумағындағы барлық аквасаябақтар шомылу маусымында жұмыс атқарды, – Шымкент қаласы ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Нұржан Қаракөзев.

Суға түсуге тыйым салынған аймақтарда ереже сақталмаған жағдайлар да жоқ емес. 2022 жылы ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің «Жалпы су пайдалану қағидаларын бұзу, спирттік ішімдіктер ішу немесе қоғамдық орындарда мас күйінде болу» баптары бойынша 47 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 597 мың 285 теңге айыппұл салынған.

Бадам өзенінің қала аумағында орналасқан барлық арналары, Сайрам су өзенінің қала аумағында орналасқан барлық арналары, Текесу су қоймасы, Ақжар су қоймасы, Шымкент магистральды каналдың қала аумағында орналасқан барлық арналары, Янгишек каналының арналарына суға түсуге тыйым салынады. Сонымен қатар бұл тізімде Қарасу арналары мен өзеннің бастауын қоспағанда Қошқар Ата өзенінің барлық арналары, Қайнарбұлақ жасанды көлі, Азат, Көкбұлақ және Сасық каналдары бар, –деді Нұржан Қаракөзев.

Айта кетейік, өткен жылы Шымкентте 5 адам суға кетіп қайтыс болған. Оның 3-еуі ересек адам болса, екеуі бала. Жалпы ел көлемінде былтырғы шомылу маусымында 184 адам суға кеткен.

Өзгелердің жаңалығы