Шымкентте реновация бағдарламасы қалай жүзеге асады?

29 Сәуір 2022, 18:40
3446
Бөлісу:
Шымкентте реновация бағдарламасы қалай жүзеге асады?
Фото: автордан

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Шымкенттің тұрғын үй қорын жаңарту-жақсарту, тозығы жеткен үйлерді сүріп, орнына жаңа үй салу үшін реновация бағдарламасы жүзеге асады. 

Таяуда осы бағдарламаны жүзеге асыру үшін Samruk-Kazyna Construction АҚ, Shymkent ӘКК және қаланың тұрғын үй басқармасы өзара меморандумға қол қойылды. Реновация дегеніміз не? Соңғы уақытта Шымкент жұртшылығы жиі-жиі ести бастаған бұл сөздің арғы жағында не жатыр? Тозығы жеткен үйі бұзылатын тұрғындар қайда барады? Қазір Шымкенттегі тұрғын үй кезегі, оларды баспанамен қамту жайы не боп жатыр? Мұның барлығын Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасының есепке алу, тұрғын үйлерді бөлу бөлімінің басшысы Жұлдызай Ордабекова айтып берді. 

– Әуелі реновация сөзінің мағынасын түсіндіріп берсеңіз? 

– Реновация дегеніміз – тозығы жеткен тұрғын үйлерді бұзу бағдарламасы. Шымкент қаласында 2 236 көп пәтерлі тұрғын үй болса, соның 70%-ынан астамы Кеңес заманынан бері келе жатқан тұрғын үйлер. Соған байланысты жақында Samruk-Kazyna Construction АҚ және Shymkent ӘКК мен қалалық тұрғын үй басқармасы арасында осы бағдарламаны жүзеге асыру жөнінде меморандум түзілді. 

– Шымкент қаласында реновация бағдарламасына енген қанша үй бар? 

– 4 аудан бойынша 107 тұрғын үй ұсынылған. Бұл 107 үйдің 56-ы Абай ауданында, 43-і Әл-Фараби ауданында, 8-і Еңбекші ауданында орналасқан. Қазіргі таңда сол тұрғын үйлерге сараптау жұмысы жүргізіліп жатыр. Тұрғын үйді бұзбас бұрын ең әуелі міндетті түрде тұрғындардың келісімі алынады. Тұрғындардың үштен екісі келісім берген жағдайда тұрғын үй сүріледі. Ал егер тұрғындар келіспесе, онда тұрғын үй бұзылмайды. 

– Егер тұрғындар бір ауыздан келісіп, тұрғын үй сүрілген жағдайда, үй салынып дайын болғанша олар қайда тұрады? 

– Бұл жерде тұрғындарға қолайлы жағдай жасалады. Үй сүріліп, салынып жатқан кезде инвестор тұрғындарды басқа жайға орналастырылады, және сол кездегі шығын да инвестор тарапынан өтеледі. Тағы бір айта кететін жайт – үй салынып болған соң, жаңа үйден пәтер алуына болады. Шаршы метрі бұрынғы үйінің шаршы метрінен кем болмайды. «Басқа жақтан пәтер аламын» десе ақшасын береді. 

– Шымкентте қанша адам үй кезегінде тұр? 

– Шымкент қаласы бойынша 48 143 азамат үй кезегінде тұр. Тұрғын үй тізімі қаламыз бойынша 5 түрлі тізім бойынша жасақталады. Көпбалалы отбасы, ата-анасының қарауынсыз қалған балалар, мемлекеттік қызметкерлер, халықтың әлеуметтік әлсіз тобы және жалғыз үйі апатты жағдайда деп танылған азаматтардың кезегі бөлек тізімдермен жүргізіліп жатыр. Биыл республикалық бюджет есебінен 1 605 тұрғын үй беріледі. Оның 857-і жұмыс істейтін жастар бағдарламасы бойынша болса, қалған 748 пәтер кезекте тіркелген азаматтарға беріледі. Яғни, көпбалалы отбасыларға – 476 пәтер, халықтың әлеуметтік әлсіз тобына – 218 пәтер, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға – 54 пәтер беру жоспарланған. 

– Жастарға арналған арендалық үйлер қашан беріледі? Бағдарлама талабында өзгеріс бола ма, шектік жас 35-ке дейін ұзара ма?

– Қазіргі таңда құжаттандыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Осы және коммуналды қызметке қосу жұмысы аяқталған соң, міндетті түрде БАҚ арқылы хабарландыру береміз. Жас шегі өзгермеді. Бұрынғыдай 29 жасқа дейінгі жастар тапсыра алады және 2 жыл Шымкент қаласында тұрған болуы керек. Соңғы 2 жылда ҚР аумағында атында мүлік тіркелмеген болу шарт. Егер отбасылы болса, жұбайының де балаларының атында да мүлік тіркелмеген болуы керек. Сондай-ақ, 40 АЕК-тен кем емес табысы болуы керек.

– Жастарға берілген үйлерде үй иесі өзі тұрмайтын не басқа адамға жалға беріп қою дерегі тіркелді ма, мұндай жағдайда қандай шара қолданылады? 

– 2020 жылы жастарға 904 пәтер берілді. Соның ішінде 3 пәтерді босаттық. Ал былтыр берілген үйлер қазір тексеріліп жатыр. Тексеру нәтижесінде 16 азамат Түркістан қаласынан басқа бағдарламалармен үй алғаны анықталды. Қазір сол азаматтарға сотқа дейінгі жұмысты жүргізу басталды. Себебі арендалық тұрғын үй жастар ақшасын жинап үйлі болғанша мүмкіндік беру мақсатында берілген. Олар үйлі болса да жастар бағдарламасымен алған үйін қайтармаған. Сол себепті біз қазір ол кісілерге үйді-үйіне хабарлама жіберіп жұмыс жүргізіп жатырмыз. 

– Тұрғын үй алуға сертификат кімдерге беріледі? 

– Биыл да 500 миллион теңгенің сертификатын беру қарастырылған. Шамамен мамыр айында беріледі. Ол үшін міндетті түрде банктерден келісім беру хаты болу керек. 

Өзгелердің жаңалығы