- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Шымкентте қуаты жылына 191 мың тонна көкөніс өндіретін жылыжай кешендері салынып жатыр
Шымкентте қуаты жылына 191 мың тонна көкөніс өндіретін жылыжай кешендері салынып жатыр
-
Айым Серікбайқызы
BAQ.KZ ақпарат агенттігінің аға шығарушы редакторы
19 Қараша 2026, 18:24
Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Шымкент және Түркістан облысына жұмыс сапары барысында жұмыс істеп тұрған және салынып жатқан кәсіпорындарға барып, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптегі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуымен танысып, өңір фермерлерімен кездесті.
Сапардың негізгі бағытының бірі – жылыжай шаруашылығын дамыту. Шымкентте Fabe-Agro және Alsera KZ компанияларының екі ірі инвестициялық жобасы жүзеге асырылуда. Жалпы салым көлемі шамамен 390 млрд теңге. Кәсіпорындар толық қуатқа шыққаннан кейін, жыл сайын 191 мың тоннаға дейін көкөніс өндіре алады. 6,2 мыңға жуық жұмыс орнын құру көзделген.
Fabe-Agro компаниясы құны шамамен 68 млрд теңге болатын 144 гектарлық жылыжай кешенін салуда. Оның жобалық қуаты жылына 36 мың тонна көкөніс өнімін алуға жетеді. Құрылысты кезең-кезеңмен жүргізіп, 2028 жылы аяқтау жоспарланған.
Екінші жобаны Alsera KZ компаниясы жүзеге асыруда. Инвестиция көлемі – 322 млрд теңге. Өндірістің жоспарланған қуаты – жыл сайын 155 мың тонна көкөніс.
Салыстырар болсақ, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан жылыжайларында қияр мен қызанақ өндірісінің жалпы көлемі 196,1 мың тонна болған. Ендеше, екі жаңа кешеннің жиынтық жобалық қуаты елдегі көкөніс жылыжайы өндірісінің жылдық көлеміне жуықтайды.
Кәсіпорындарда жыл бойғы көкөніс өндірісін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін заманауи өсіру технологиясын, өсімдік суарудың, қоректендіру мен микроклиматты реттеудің автоматтандырылған жүйесін қолдану көзделген.
Жылыжай шаруашылығы оңтүстік өңірде ауыл шаруашылығындағы маңызды бағыттардың бірі болып қала береді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы жылыжайлардың жалпы ауданы 1,3 мың гектардан асқан. Жабық топырақтағы қияр мен қызанақтың жалпы жиналуы 196,1 мың тонна болса, оның 109,7 мың тоннасы қызанақ, 86,4 мың тоннасы қияр.
2026 жылғы қаңтар-қыркүйекте жылыжайларда 162,7 мың тонна көкөніс өндірілген. Бұл өткен жылғы сәйкес кезеңнен 26%-ға артық. Оның 93,8 мың тоннасы – қызанақ, 68,9 мың тоннасы – қияр.
Жұмыс сапарының тағы бір нүктесі Шымкенттегі «Кока-Кола Алматы Боттлерс» БК ЖШС зауыты болды. Серік Жұманғарин кәсіпорынның өндірістік қуатымен және алкогольсіз сусын шығаруды одан әрі арттыру жоспарымен танысты.
Жобаны жүзеге асырудың екі кезеңіндегі инвестицияның жалпы көлемі – 37,5 млрд теңге. Өндірістің бірінші кезеңі 2024 жылы іске қосылды. Зауыттың жиынтық жобалық қуаты жылына 391 млн литрге жетеді. Кәсіпорында 125 жұмыс орны құрылған.
Жергілікті өндіріске арналған өнеркәсіптік алаң
Шардарада вице-премьер өндірістерді орналастыру және жергілікті кәсіпкерлікті дамыту мақсатында құрылған шағын өнеркәсіптік паркке барды.
1 гектар аумақта алты өндірістік ғимарат салынса, тағы бесеуінің құрылысы жүріп жатыр. Мұнда жиһаз, модульдік үйлер, термопанельдер, терезе жақтауы мен құрылыс материалын шығаратын кәсіпорындар жұмыс істейді.
Өнеркәсіптік парк газ, электр және сумен жабдықтау, кәріз және кірме жолды қосқанда, қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Қосымша өндірістік үй-жай салу резидент санын кеңейтуге және шағын бизнесті дамыту үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Түркістанда Серік Жұманғарин «TURAN» арнайы экономикалық аймағының өнеркәсіптік субаймақ жұмысымен танысты. Онда ауданы 290 гектар аумақта 4 мыңнан астам жұмыс орны құрылатын 16 инвестициялық жоба орналастырылған. Бүгінгі таңда 665 адамды жұмыспен қамтамасыз ететін алты кәсіпорын іске қосылған.
АЭА резиденттері полимерлі құбырлар, буып-түю материалдары, тау-кен металлургия кешеніне арналған өнеркәсіптік жабдық, сэндвич-панельдер, ауыл шаруашылығы техникасы мен тоқыма өндірісін дамытуда.
Толық циклді мақта агрокешені
АЭА аумағында Түркістан мақта агроөнеркәсіп кешенінің бөлігі ретінде бірнеше кәсіпорынды салу қарастырылған. Бұл – мақта-тоқыма кластеріне кіретін облыстағы ірі жобаның бірі. Қытайлық Xinjiang Lihua Cotton Co. Ltd компаниясының қатысуымен жүзеге асырылатын құны 146 млрд теңге тұратын «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС-ның жобасы мақта өсіру мен толық өңдеуден бастап, дайын тоқыма өнімін шығаруға дейінгі тұтас өндірістік циклді құрайды. Кешен аясында барлығы 11 кәсіпорын салу жоспарланған.
Қазіргі уақытта жоба бойынша сегіз өндірістік нысан пайдалануға берілді. Бұлар – төрт мақта өңдеу зауыты, тамшылатып суару таспасын шығаратын кәсіпорын, ПВХ құбыры зауыты, иіру фабрикасы мен мақта тұқымын қайта өңдеу зауыты.
Сонымен қатар кешеннің шикізат базасы дамуда. Суды үнемдеу технологиясын қолдана отырып, 52 мың гектар жерге мақта егілді. Өнімділік гектарына 56 центнерге жеткен. 2024-2026 жылдары жобаны жүзеге асыру арқылы 1 200 адам жұмыспен қамтылды. Жобаны одан әрі дамыту шеңберінде тоқыма емес материал шығаратын зауыт, бояу зауыты мен тігін фабрикасы салынбақ.
Жұмыс сапарының соңында Серік Жұманғарин Түркістан облысының фермерлерімен кездесіп, ауыл шаруашылығын дамытудың өзекті мәселелерін, мемлекеттік қолдау шаралары мен басқа да жәйттерді талқылады.
Ең оқылған:
- Қазақстан «жұмсақ күш» рейтингінде бес сатыға көтеріліп, Орталық Азияда бірінші орынға шықты
- Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Жоғарғы сотының төрағасы Игорь Красновты қабылдады
- Жөнделмеген жол үшін 45 млн теңге аударған: Прокуратура мен ҰҚК шенеуніктерді тексеріп жатыр
- Өзбекстанда сотталғандарға жоғары білім алуға мүмкіндік беріледі
- Қасым-Жомарт Тоқаев Латвия президентін ұлттық мерекемен құттықтады