Шымкентте қатты қалдықтарды шығару тарифі 2 есе өседі

3 Сәуір 2023, 22:38
888
Бөлісу:
Шымкентте қатты қалдықтарды шығару тарифі 2 есе өседі
Фото: egemen.kz

Шымкентте қатты қалдықтарды шығару тарифі екі есе қымбаттайды. Бұған дейін жер үйде тұратын әр адам айына 200 теңгеден төлесе, сәуір айынан бастап ол көрсеткіш 418 теңгеге көтеріледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының мәліметінше, үшінші мегаполисте соңғы рет қоқыс шығару бағасы 2017 жылы бекітілген.

Шымкентте қоқыс шығару тарифі өседі. Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Ержан Жолдасовтың айтуынша, соңғы алты жылда баға көтерілмеген. Ал, жанармай мен техниканың бағасы екі есе өскен. Әрі 2017 жылы айлық есептік көрсеткіш көлемі де әлдеқайда аз болған дейді. Сондықтан тариф құнын өсіруге тура келеді. Енді сәуір айынан бастап, қоқыс шығару үшін көпқабатты тұрғын үйдегілер жан басына – 378 тг, жер үйдегілер – 418 теңгеден төлейді. Ал заңды тұлғалар үшін текше метріне – 2389 тг. Мұның өзі өзге облыстармен салыстырғанда біршама төмен дейді мамандар.

Алматы қаласында 2019 жылы бекітілген тариф, көпқабатты тұрғын үйлер 1 адамға – 390 теңге, жер үйлер үшін – 414 теңге, 1 мың текше метріне – 2144 болып бекітілген. Ал Алматы қаласында 2017 жылы адам басына – 533 тг болып бекітілген. Салыстырмалы түрде басқа облыстардан біздің тариф төмен, - дейді Шымкент қаласы жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Ержан Жолдасов.

Қалада қоқыс шығару тарифі шамамен екі есе жоғарылап отыр. Жалпы бағаның өсуіне қарсымыз деген қала мәслихатының сегізінші шақырылым депутаттары сессияда өзгеріске бірауыздан қолдау білдірді. Бірақ, халық қалаулылары бұған дейін қоқыс шығару бағасын біраз уақыт тұрақты ұстап келгендерін айтады. Алайда, енді экономикалық себептерге байланысты тарифті өсіруге мәжбүрміз дейді.

Жалпы тарифтер бойынша аудан әкімдері халықпен кездесу кезінде бұл мәселелердің барлығын қарастырған. Бұл жан-жақты қаралған мәселе. Осы тарифтің көтерілу қажеттілігін көптен бері айтып түсіндіріп келе жатырмыз. Жалпы тариф арнайы жүйемен есептелген, - дейді Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов.

Қалада қатты қалдықтарды шығару бойынша халық тарапынан шағым көп. Көбінесе тұрғындар үйілген қоқыстарға наразылық білдіріп жатады. Өткен жылы экологтар арыз-шағымдар негізінде жоспардан тыс тексеру жүргізіп, заң бұзушылықтарды анықтады. Нәтижесінде, бірқатар компанияларға айыппұл салынған.

Өзгелердің жаңалығы