Шымкент қаласының аудандық полиция басқармасының бастығы 6 млн теңге пара алғаны үшін сотталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында пара алу (ҚК-нің 366-бабының 2-бөлігі) дерегі бойынша аудандық полиция басқармасының бастығына қатысты қылмыстық іс қаралды.
Қызметкер Шымкент қаласы полиция департаментінің Тұран аудандық полиция басқармасының бастығы бола тұра, осы басқарманың өндірісіндегі А. есімді азаматқа қатысты қылмыстық ісі бойынша оның айыптау бабын жеңілдетіп беру үшін өзінің қызмет бабын пайдалана отырып, 6 млн. теңге көлемінде пара алған.
Сотталушының кінәсі куәлердің жауаптарымен, жасырын тергеу әрекеттерімен, сараптама қорытындыларымен, заттай дәлелдемелермен және басқа да іс бойынша жинақталған дәлелдемелердің жиынтығымен толық дәлелденеді.
Прокурор сотталушыны мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Сотталушы кінәсін мойындамай, сотта жауап беруден бас тартып, өзіне қатысты ақтау үкімін қабылдауды сұрады.
Сот сотталушының қылмыстық жауапкершілігін жеңілдететін мән-жайларды анықтамады, өзінің кәсіби антын бұза отырып қылмыс жасағанын қылмыстық жауапкершілігін ауырлататын мән-жай ретінде ескерді. Сот полиция бастығын ҚК-нің 366-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танып, оған 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. ҚК-нің 49-бабына сәйкес, Т. арнайы шенінен айырылды, - деп жазылған Шымкент соттары хабарламасында.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, бұған дейін ШҚО-да пара алған екі басқарманың басшысы ұсталған болатын.