Шымкент қаласы Полиция департаменті полкінің командирі және оның қарамағындағы бірқатар қызметкер лауазымынан босатылды, деп хабарлайды BAQ.KZ «ҚазАқпарат»-қа сілтеме жасап.
Бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің қызметкерлері патрульдік полиция полкі инспекторының 70 мың теңге көлемінде ақша алу дерегін құжаттаған болатын. Осыған байланысты Полиция департаментінің жеке құрамы бойынша инспекция қызметтік тергеу жүргізді.
8 қыркүйекте тергеу нәтижелері тәртіптік комиссияның қарауына ұсынылды. Комиссия патрульдік полиция полкінің командирін, оның екі орынбасарын, рота командирін, оның орынбасарын және взвод командирін сыбайлас жемқорлық қылмысына жол бергені үшін атқаратын лауазымынан босату туралы шешім шығарды. Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы Д.Таев оларды қызметтен босату туралы бұйрыққа қол қойды.
Күдікті полк инспекторы полиция беделін түсіргені үшін жұмыстан шығарылды. Ұсталған полицейге қатысты ҚР ҚК-нің 366-бабы «пара алу» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Ол қамауда. Полиция департаментінің басшылығы бұдан былай заң бұзушылыққа жол берген қызметкерлерге қатысты қатаң шаралар қабылдайтын болады, – деп жазылған Шымкент қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.