Шымкентте оқушылар белгісіз иістен уланды

19 Наурыз 2019, 08:33
3348
Бөлісу:
Шымкентте оқушылар белгісіз иістен уланды

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Шымкентте мектеп оқушылары мен қызметкерлері белгісіз иістен уланды. Оқиға 18 наурыз күні сағат 17:00 шамасында Шымкенттің Абай ауданына қарасты Ынтымақ шағын ауданындағы №54 мектепте болған.

Кешкісін осы мектептегі 24 адам белгісіз газ иісіне уланып, жедел медициналық жәрдем көлігімен токсикологиялық бөлімге жеткізілген. Уланғандардың 22-сі мектеп оқушысы, біреуі мұғалім, біреуі техникалық жұмысшы болған.

«Шымкенттегі №54 мектептен 22 оқушы мен 2 қызметкер жедел жәрдем арқылы емханаға жеткізілді. Негізгі себебі ауадағы иістің болуы. Сыныптардағы терезе форточкалары ашық болған. Балалардың басы айналған, негізінен екінші ауысымдағы 4-7 сынып оқушылары зардап шеккен. Мектептің ішінде газ шығу болмаған, жылу тоқтатылған. Қазір денсаулық сақтау басқармасының ақпаратына сәйкес олардың хал-жағдайлары тұрақты», - делінген Шымкент қалалық білім басқармасы таратқан мәлімдемеде.

Мектеп мұғалімдерінің, оқушылардың ата-анасына хабарласа отырып белгілі болғандай, тағы 15 оқушы токсикология бөліміне жіберіліпті.

«Ауруханаға келгендердің бәрі де медициналық көмек алды. Барлығы 39 адам келіп түсті. Қазір ешбірінің өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Бәрі де жеңіл деңгейдегі уланумен келді. Ауыр жағдайдағысы жоқ. Оның 38-і үйіне қайтарылды», - дейді Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға орнына Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті, Өрт-сынақ зертханасының мамандары келіп, ауа сынамасын алып, мектепте зерттеу жүргізді. Газ, не тағы басқа заттың белгілері анықталмады. Улану көзі сырттан келген болуы мүмкін.

Оқиға орнында Төтенше жағдайлар департаменті, «ИнтерГазЦентральнаяАзия» АҚ бригадасы, Медициналық апаттар орталығы, Өрт сынақ зертханасы, Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті және Қазгидромет басшылығы келген. Олар белгісіз газдың шығу себебін анықтап жатыр.

Оқиға орнынан оқытушы, техникалық құрамның 100 адамы, 877 оқушы қауіпсіз жерге шығарылған. Сабақтар тоқтатылды.

Айта кетерлігі, мектеп аумағын және оның тыс жағын тексеру кезінде де, мектеп оқушыларының сөзінше де газ иісі сезілген. Ол иіс 3 қабаттың терезесінен де кірген.

Мектептің автономды жылыту қазандығы мектеп ғимаратынан 50 метр қашықтықта орналасқан. Табиғи газбен жылытылады. Бірақ, ауа температурасы 26 градус жылы болғандықтан жылу беру тоқтатылған екен. 

Өзгелердің жаңалығы