Шымкентте көпірден секірмек болған қызды ұландықтар құтқарып қалды

4 Шілде 2024, 12:15
157
Бөлісу:
Шымкентте көпірден секірмек болған қызды ұландықтар құтқарып қалды
Фото: ҚР Ұлттық ұланы

Оқиға 3 шілде күні түстен кейін болған, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сағат 14.30 шамасында Шымкент қаласының Еңбекші ауданында қоғамдық тәртіпті қадағалау кезінде Ұлттық ұланның 6506 әскери бөлімінің жауынгерлері көпір қоршауының сыртында жас қыздың тұрғанын көреді.

Қауіпті түсінген әскери жасақ рация арқылы көпірге жақын жерде қызмет атқарып жүрген патрульдік топ бастығы қатардағы жауынгер Раулан Өтебаевқа шұғыл ақпарат береді. Ол дереу патрульші жауынгерлер Арыстанбек Анарбай мен Дулат Ауғанбаевты ертіп, аталған орынға жедел келеді.

Көпірден секіруге тырысқан қызды көргенде, бірден оған бет алдық. Осы уақытта ол көпір қоршауының сырт жағында тұрды. Жақындай бергенімізді көріп, көпірден секіремін деп қорқытты, – дейді Раулан.

Ұландықтар қызбен ақырын сөйлесіп, оны асығыс әрекеттерден бас тартуға көндіруге тырысты. Осы уақытта жақын маңдағы адамдар да қызға тоқтату сөздерін айта бастаған. Оңтайлы сәт туғанда Раулан Өтебаев қызды шап беріп, қарсыласқанына қарамастан, қоршаудан тартып шығарған. Қауіпсіз жерге апарып, оны барынша тыныштандырды. Бойжеткенді орнына келген полиция қызметкерлеріне тапсырды.

Айта кету керек, әскери қызметшілерге өтіп бара жатқан жергілікті тұрғын да көмектескен, алайда белгісіз болып қалуды жөн көрді. Осылайша, құқықтық тәртіп әскерінің сарбаздары мен саналы азаматтың үйлесімді іс-қимылының арқасында адам өмірі құтқарылды.

Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы ішкі істер органдарының бірыңғай жүйесінің бөлігі болып табылады, азаматтардың, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қылмыстық және өзге де заңсыз әрекеттерден қорғауға жауап береді.

Өзгелердің жаңалығы