Шымкентте кәріз жүйесінің шайынды суы өзенге аққан

18 Наурыз 2021, 00:39
1550
Бөлісу:
Шымкентте кәріз жүйесінің шайынды суы өзенге аққан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шымкентте кәріз жүйесінің шайынды суы Сайрам өзеніне аққан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл деректі экологтар да растады. Мамандардың айтуынша, өзенге жақын орналасқан көп қабатты тұрғын үйлердің жанындағы кәріз құдығы бітелгендіктен, сарқынды су тікелей өзенге құйылған. Бұл оқиға бір айдан астам уақытқа созылған. Жақын маңдағы тұрғындардың малы да осы жерден су ішкен. Өзеннің неден ластанғанын анықтау мақсатында арнайы комиссия құрылып, себеп-салдары анықталды. Түптеп келгенде, лас суға кінәлі қалалық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы болып шықты. Себебі мамандар кәріз жүйесіндегі ақауды тек екі аптадан кейін ғана жөндеген.

Сайрам су өзеніне «Базар қақпа» тұрғын алабындағы көпқабатты тұрғын үйлерден сарқынды сулар аққан. Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасына қатысты жоспардан тыс тексерулер жүргізілген. Осы 2021 жылдың ақпанында. Қоршаған ортаға тұрғын үйлерден сарқынды су түсуі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ал қоршаған ортаға келтірген залалы үшін нұсқама берілген, – деп мәлімдеді қалалық экология департаментінің бөлім басшысы Серік Сарбасов.
Өзгелердің жаңалығы