Шымкентте елдегі ең ірі газ тарату станциясы іске қосылды

16 Сәуір 2022, 22:37
2559
Бөлісу:
Шымкентте елдегі ең ірі газ тарату станциясы іске қосылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шымкент қаласында сағатына 250 мың текше метр көгілдір отын таратуға қауқарлы автоматтандырылған газ тарату станциясы (АГРС-3) пайдалануға берілді. Жаңа газ тарату станциясы жылдың кез келген уақытында тұтынушыларға үздіксіз газ жеткізуді қамтамасыз ете алады. Бұл туралы Шымкент қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қала басшысы бүгінгі іске қосылып отырған газ тарату станциясы мегаполис төңірегіндегі барлық елді мекендерді көгілдір отынмен қамтуға мүмкіндік беретін өте қажетті нысан болатынын айтып өтті.

 

Жыл сайын Шымкентте газ тартылған елді мекендер саны артып келеді. Бүгінде қаланың 93 пайызы көгілдір отынмен қамтылған болса, биыл бұл көрсеткіш 94,7 пайызға жететін болады. 2023-2025 жылдары аралығында қаланың даму жоспарына сәйкес, жартылай қамтылған 28 елді мекенде және мүлдем қамтылмаған 3 елді мекенде табиғи газ жүйелерінің құрылысы салынып, қала тұрғындары, басқа да нысандар 100 пайыз табиғи газбен қамтылады, - деді Мұрат Әйтенов.

Қазіргі уақытта қолданыстағы АГРС-1, АГРС-4 станцияларының қуаттылығы 180 000 м3/сағ құраса, жалпы қаланың қажеттілігі – 250 000 м3/сағ. Бұл нысан – елдегі ең ірі автоматтандырылған газ тарату станциясының бірі. Құрылыс жұмысы кезінде 59 шақырым газ құбыры тартылды. АГРС-3 нысанынан «Шығыс» және «Батыс» 2 магистралдық газ жүйелері Шымкент қаласына тартылып, орталықтандырылған газ құбырына қосылды.

Газ тарату нысаны өте жоғары қысыммен жұмыс істейтін және өрт қаупі жоғары болғандықтан, станцияны қосу жұмыстары жылыту маусымынан соң іске асырылып отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың барынша көп бөлігін табиғи газбен қамтуды біздің алдымызға басты міндет етіп қойып отыр. Осыған байланысты газ тасымалдау инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жұмыс атқарып жатырмыз. Бүгін Шымкентте іске қосылып отырған жаңа станция соның жарқын көрінісі, – деді «QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқармасының төрағасы Санжар Жаркешов.

АГРС-3 нысанының құрылысы «Stroy Gaz Company» мекемесі тарапынан 2019 жылы басталып, 2021 жылдың соңында аяқталды. Жалпы жоба құны – 9, 463, 185 құрайды.

Өзгелердің жаңалығы