Шымкентте балалар қалалық клиникалық ауруханасының базасында жаңа кардиохирургия бөлімшесі ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Қалада балалар санының көптігін ескере отырып, бөлімшенің ашылуы операцияларды күту уақытын қысқартуға және жақын маңдағы өңірлерден күрделі диагнозы бар балаларға көмек көрсетудің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Бүгінде Шымкентте 500 мың бала тұрады, оның 1400-і жүрек кемістігі бар диспансерлік есепте тұр. Биыл 67 балаға операция жасалды, 43 балаға шұғыл хирургиялық түзету қажет.
Денсаулық сақтау министрлігі 2024 жылы білікті мамандарды даярлауға, жаңа бөлімшелер ашуға, клиникалық хаттамаларды әзірлеуге бағытталған 2024-2026 жылдарға арналған балалар кардиохирургиялық көмегін жетілдіру жөніндегі Жол картасын» бекітті. Біз жүрекке немесе медициналық көмектің басқа түрлеріне операция жасауды қажет ететін әрбір баланың оны уақтылы және толық көлемде алуына ұмтылуымыз керек, - деп атап өтті Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова бүгін Шымкент қаласында ашылған кардиохирургиялық және онымен байланысты қызметтер жөніндегі халықаралық конференцияға қатысушыларға арналған құттықтау сөзінде.
Ақтөбе және Түркістан облыстық балалар ауруханаларының базасында өңіраралық балалар кардиохирургиясы орталықтарын құру жоспарлануда. Бүгінде балалар кардиохирургиялық көмегі еліміздің 6 өңірінің 10 бөлімшесінде, ал облыстық деңгейде Ақтөбе, Түркістан және Қарағанды облыстық балалар ауруханаларында көрсетіледі.
Қазақстан – Орталық Азиядағы туғаннан бастап кардиохирургиялық операциялар жүргізілетін жалғыз ел. 2024 жылы республикада 2474 операция, оның ішінде 317 жаңа туған нәрестеге жасалды. Барлық операциялардың жартысы бір жасқа дейінгі балаларға тиесілі.
Оң жақ жүрекшенің құлақшасынан өкпе артериясының неоқақпақшасын жасауды қоса алғанда, озық технологияларды енгізу арқылы біздің мамандар Фалло тетрад және өкпе атрезиясы сияқты ең қиын жағдайларды сәтті шешуде. Биыл осындай 23 операция жасалды.
Халықаралық конференцияның жұмысына Беларусь Республикасының, Өзбекстанның, Ресей Федерациясының, Қырғызстанның мамандары, ғылыми және республикалық орталықтар, практикалық дәрігерлер қатысады.