Шымкентте самокат мінген есірткі қойып кетуші ұсталды. Жігіттен аса ірі мөлшерде синтетикалық есірткі тәркіленді, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Қала аумағында рейдтік іс-шаралар жүргізу барысында түнгі уақытта қараңғы көшеде самокат айдап жүрген жас жігіт есірткімен күресушілердің күдігіне ілікті.
Тыйым салынған заттардың бар-жоғын тексеру кезінде полицейлер оның сөмкесінен бір реттік доза салынған синтетикалық есірткінің 20 дана орамын және оны жасыру үшін жерді қазуға арналған пышақ тапты. Сондай-ақ жедел уәкілдер ұсталған азаматтың пәтерін тінтіп, одан 120 грамм ұнтақ тәрізді психотроптық зат салынған пакет, 2 таразы және 19 есірткі орамын тауып, тәркіледі.
Ер адам ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігінде көзделген (Аса iрi мөлшердегі есірткі, психотроптық заттарды сол тектестарді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау не тасымалдау) қылмысты жасағаны үшін күдікті деп танылып, тергеу изоляторына қамалды.
Қазіргі таңда Әл-Фараби АПБ-да аталған осы жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Атап өту керек, соңғы уақытта нашақорлық пен есірткі қылмысына қарсы күреске басымдық берілуде.
Бұл туралы Мемлекет басшысы жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында бірнеше рет айтқан болатын. Құқық қорғау органдары есірткінің заңсыз айналымына байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу бойынша күшейтілген жұмыс жүргізіп жатыр.