Шымкентте алаяқтықты кәсіп еткен әйел сотталды

7 Маусым 2022, 02:22
1535
Бөлісу:
Шымкентте алаяқтықты кәсіп еткен әйел сотталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Пәтер алып беремін деп 21 шымкенттікті алдаған әйел 4 жылға сотталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Шымкент қаласының тұрғыны екі жыл бойы мемлекеттік бағдарламамен пәтер алуға көмектесемін деп азаматтарды алдап келген. Алаяқтың арбауына 21 тұрғын түскен. Олар алаяққа 34 млн теңге ақша берген. 

Алаяқтықты кәсіп еткен 27 жастағы азаматша қала аумағында соғылып жатқан көпқабатты тұрғын үйлерден танысы арқылы пәтер алып бере алатындығын айтып, өзін жарнамалап, тұрғындардың сеніміне кіріп, ақшаларын өз пайдасына жаратып отырған. 

Сондай-ақ балаларына қарау үшін үйіне жұмысқа алған азаматшаның банк карточкасын қолдануға алдап сұрап алып, ұялы телефонына оның қосымшасын орнатып алған. Содан басқа жәбірленушілердің ақшалары осы карточкаға түскен. Ол жөнінде жәбірленуші білген сәтте полицияға арызданған. Бұдан өзге басқа жәбірленушілерден алған ақшаны кездейсоқ адамдарға өтініш жасап, банкоматтардан шешіп жүрген. 

Үйді ала алмай, алданғанын білген тұрғындар полицияға арызданған. Тәртіп сақшыларымен жүргізілген жедел-іздестіру жұмыстары барысында куәлерден жауап алып, сұрастыру жұмыстары жүргізіліп, банктік аударымдар тексеріліп, азаматшаның алаяқтық ісі дәлелденген. 

Нәтижесінде, қылмыстық істі жасағаны үшін азаматша 4 жылға сотталды.  

Өзгелердің жаңалығы